CNBC ақпаратына сүйенген Aikyn.kz бүкіл әлем тағатсыздана бақылаған Айдың көлеңкелі жағына ұшу миссиясының сәтті аяқталғанын хабарлайды.
NASA-ның «Интегрити» деп аталған Orion капсуласы парашюттердің көмегімен жерге жұмсақ түсті. Бұл миссия барысында экипаж адамзат тарихында бұрын-соңды ешкім жетпеген терең ғарышқа барып қайтты. Жалпы ұшу ұзақтығы 1 млн 117 мың 515 шақырымды құрады. Ұшу кезінде кеме екі рет Жер орбитасын айналып өтіп, Айдан шамамен 6 550 км қашықтықта оның көлеңкелі жағын орап өтті.
Бұл – «Артемида» бағдарламасы аясындағы алғашқы адам мінген сынақ миссиясы болды. Бағдарламаның басты мақсаты – 2028 жылдан бастап астронавттарды Ай бетіне қондыра бастау.
Жерге оралу сапардың ең шешуші кезеңінде атмосфераға қайта енген капсуланың сыртқы қабатының температурасы Цельсий бойынша 2760 градусқа дейін жетті. Осы сәтте капсуланы иондалған газдан құралған плазмалық қабық қоршап, бірнеше минутқа радиобайланыс үзілді. Бұл – миссия үшін аса қауіпті кезеңдердің бірі саналады.
Кейін байланыс қайта орнап, бірнеше парашюттер жүйесі ашылып, капсула жылдамдығын шамамен сағатына 25 шақырымға дейін баяулатып, суға жұмсақ қонды.
«Артемида II» 1 сәуір күні Флоридадағы Канаверал мүйісінен ұшырылған болатын. Осы миссия арқылы астронавтар «Аполлон» бағдарламасынан кейінгі алғашқы рет Ай маңына ұшты. Осылайша Виктор Гловер – Ай миссиясына қатысқан алғашқы қара нәсілді астронавт, Кристина Кох – алғашқы әйел, ал Джереми Хансен – Ай миссиясына қатысқан алғашқы америкалық емес азамат ретінде тарихқа енді. Экипаж сапардың ең алыс нүктесінде Жерден 406 771 км ұзап, 1970 жылғы «Аполлон-13» орнатқан шамамен 399 117 км рекордты жаңартты.
Жерге оралу Orion кемесінің жылу қалқаны үшін де аса маңызды сынақ болды. 2022 жылғы сынақ миссиясында бұл жүйе қатты қызған еді. Сондықтан инженерлер «Артемида II» үшін түсу траекториясын өзгертіп, жылу жиналуын азайтуға күш салды. Миссияның сәтті аяқталуы Orion кемесінің Айдан қайту жағдайында да сенімді екенін дәлелдеді. Сонымен бірге бұл Boeing пен Northrop Grumman компаниялары әзірлеген SLS зымыранының адамдарды ғарышқа қауіпсіз жеткізе алатынын да көрсетті.
Төменде Артемида II миссиясының ұшырылуы мен ғарыштағы сапары, қонуы кезіндегі түсірілген ғажап суреттер берілді: