Алтын үшін айқас: 8 боксшымыз Азия чемпионатының финалына шықты

Қазақстан құрамасы финалға шыққан боксшылар саны бойынша көшбасшылар қатарынан көрінді. Бірден сегіз спортшымыз алтын медаль үшін жұдырықтасады.

7 сәуірде Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында бокстан Азия чемпионатының жартылай финалдық кезеңі аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстан құрамасы финалға шыққан боксшылар саны бойынша көшбасшылар қатарынан көрінді. Бірден сегіз спортшымыз алтын медаль үшін жұдырықтасады. 

75 келіге дейінгі салмақта Сабыржан Аққалықов қарсыласына нағыз шеберлік сабағын көрсетті. Моңғолиялық Далай Ганзориг жекпе-жектің алғашқы сәттерінен-ақ абдырап қалды. Сабыржан әртүрлі бағытта шабуыл жасап, дәл әрі сериялық соққыларымен көзге түсті. Бірінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Ганзориг оның айла-тәсілдеріне төтеп бере алмай, тек қорғанумен шектелді. Екінші раундта тағы да нокдаунға түсіп, төреші жекпе-жекті тоқтатты.

Одан кейін финалға Айбек Оралбай шықты. 90 келіден жоғары салмақта Қазақстан құрамасының капитаны түрікменстандық Довлет Исламовпен қолғап түйістірді. Қарсыласы Айбекке айтарлықтай қысым көрсете алмады. Боксшымыз әр раундты сенімді түрде өз пайдасына аяқтап отырды. Нәтижесінде, төрешілердің бірауызды шешімімен финалға жолдама алды.

90 келіге дейінгі салмақта Сағындық Тоғамбай өзбекстандық Халимжон Мамасолиевке қарсы жекпе-жекті жақсы бастады. Алғашқы раундта басым болды. Алайда кейін физикалық тұрғыдан бәсеңдеп, бұрынғы қарқынын сақтай алмады. Осы сәтті пайдаланған Мамасолиев басымдықты өз қолына алып, жеңісті суырып алды.

Осылайша, Қазақстан құрамасының сегіз боксшысы Азия чемпионатының финалына шықты. Бұл көрсеткіш бойынша біздің команда Үндістан құрамасымен (8 боксшы) бірге көш бастап тұр. Әйелдер арасындағы финалдық жекпе-жектер 9 сәуірде, ал ерлер финалы 10 сәуірде өтеді. Төменде қазақстандықтардың финалдағы қарсыластары көрсетілген.

Әйелдер:

70 келіге дейін: Бақыт Сейдіш – Арундхати Чаудхари (Үндістан)

80 келіге дейін: Надежда Рябец – Рухшона Парпиева (Өзбекстан)

80 келіден жоғары: Дина Исламбекова – Алфия Патхан (Үндістан)

Ерлер:

60 келіге дейін: Оразбек Асылқұлов – Сачин (Үндістан)

70 келіге дейін: Төрехан Сабырхан – Зеяд Ишаиш (Иордания)

75 келіге дейін: Сабыржан Аққалықов – Жавохир Абдурахимов (Өзбекстан)

85 келіге дейін: Нұрбек Оралбай – Жасурбек Юлдошев (Өзбекстан)

90 келіден жоғары: Айбек Оралбай – Байикевузи Данабике (Қытай)

Айта кетейік, сары құрлық біріншілігінде Әйгерім Сәттібаева (48 келіге дейін), Валентина Хальзова (75 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін) және Сағындық Тоғамбай (90 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.