Жезқазғандағы жол инфрақұрылымы қазіргі талаптарға сай келмейді – Ерболат Сатыбалды

Ерболат Сатыбалды уәкілетті орғанға бірнеше ұсынысын айтты.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа Жезқазған қаласында жол инфрақұрылымын дамыту туралы депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгінде «Қызылорда – Жезқазған», «Арқалық – Жезқазған» және «Қарағанды – Жезқазған» бағыттарындағы республикалық автожолдарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Аталған жобалар толық аяқталған жағдайда осы бағыттар бойынша көлік ағыны айтарлықтай өседі деп күтіліп отыр. Депутаттың айтуынша, бұл өз кезегінде Жезқазған қаласының көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтеді.

– Осыған байланысты, негізгі жүктеме түсетін Жезқазған қаласы мен оған іргелес жол учаскелерінің дайындығы ерекше маңызға ие. Алайда қазіргі жағдай бірқатар мәселелердің бар екенін көрсетеді.

Жезқазған қаласы маңында айналма жолдардың толық іске аспауы салдарынан транзиттік көлік қала ішіне бағытталуда. Бұрын басталған көпірлер мен жолайрықтардың бір бөлігі аяқталмай қалған.

Жалпы алғанда, көлік ағынының алдағы өсімін ескерсек, Жезқазған қаласындағы жол тораптарының техникалық жай-күйі мен өткізу қабілеті қазіргі талаптарға толық сәйкес келмейді, – деп атап өтті депутат.

Осы ретте Ерболат Сатыбалды уәкілетті орғанға бірнеше ұсынысын айтты.

Біріншіден, «Қызылорда – Жезқазған», «Арқалық – Жезқазған» және «Қарағанды – Жезқазған» бағыттары толық іске қосылғаннан кейін күтілетін көлік ағынын ескере отырып, Жезқазған қаласының жол тораптарын кешенді дамыту бойынша шаралар қабылдау;

Екіншіден, Жезқазған қаласы маңындағы айналма жолдарды аяқтау және аяқталмай қалған көпірлер мен жолайрықтарды іске қосу мерзімін анықтау;

Үшіншіден, "Жезқазған – Сәтбаев" жолының ені тар. Оны кеңейту және қауіпсіздігін арттыру.