Алматының JOLDA DANCE THEATRE ұжымы Германияда өткен заманауи би өнеріне арналған халықаралық schrit_tmacher Festival фестивалінің 31-маусымына қатысып, TAMYR спектаклін ұсынды. Бұл туралы Алматы қаласының Мәдениет басқармасы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Спектакль St. Nikolaus шіркеуінің ерекше кеңістігінде сахналанды. Қойылым үшін жасалған уақытша сахналық құрылым ғимараттың сәулеттік болмысымен үйлесім тапты.
Еуропалық басылымдар бұл қойылымды фестиваль аясындағы айтулы оқиғалардың бірі ретінде бағалады. Хореография, вокал мен музыканы тоғыстырған туынды қазақ халқының терең рухани тамырын заманауи көркем тілмен өрнектеді. Әсіресе, режиссер Жанна Төлендінің көркемдік шешіміне де ерекше назар аударылды.
Фестивальдің ресми бағдарламасына қатысу – театрдың халықаралық шығармашылық жолындағы маңызды белес. Бұған дейін ұжым Almaty Creative ұйымының қолдауымен Avignon Off Festival фестивалінде өнер көрсеткен болатын.
Алматылық театрдың бұл сапары Қазақстанның заманауи өнерін Еуропа сахнасында таныстырып қана қоймай, Алматының халықаралық мәдени байланысын да нығайта түсті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.