Енді Қазақстанда психологтердің қызметін реттейтін дербес заң пайда болады. Мәжіліс депутаттары «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленіп, саладағы құқықтық базаны қалыптастыруға және психологиялық көмектің қолжетімділігі, сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Aikyn.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Заң жобасы аясында саладағы негізгі ұғымдар айқындалады. Атап айтқанда, «психолог», «психологиялық қызмет», «ақпараттандырылған келісім», «психологиялық көмектің сапасы», «кәсіби құпиялылық» сияқты түсініктер енгізіледі. Бұл ретте құжаттың қолданыс аясы медициналық қызметке таралмайтыны нақты көрсетілген. Заң жобасының негізгі мақсаты – халықтың өмір сүру сапасы мен психологиялық жағдайын жақсарту. Сондай-ақ заңдылық, еріктілік, құпиялылық, кәсіби құзыреттілік, ғылыми негізділік және зиян келтіруге жол бермеу қағидаттары белгіленген. Мемлекеттік реттеу мәселелеріне жеке бөлім арналған. Заң жобасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің психологтердің біліктілігін тану және мемлекеттік тізілімді жүргізу жөніндегі өкілеттіктерін айқындайды. Құжатты талқылау барысында депутаттар аталған тізілімді электрондық форматта жүргізу тәртібін нақтылап, тіркелуге жататын психологтер санаттарын белгіледі. Сонымен қатар мәліметтердің ашықтығы және оларды уәкілетті органның интернет ресурсында орналастыру көзделген.
Психологтер мемлекеттік тізілімге тіркелуге міндеттеледі. Мақұлданған заң жобасында психологтердің біліміне, қайта даярлауға және біліктілігін растауға қойылатын талаптар белгіленеді. Олар міндетті түрде мемлекеттік тізілімге енгізілуі тиіс. Сондай-ақ кәсіби даярлық пен қайта даярлау талаптары жүйеленіп, кемінде бес жылда бір рет біліктілікті арттыру міндеті қарастырылған. Заң жобасында психологтердің құзыреттері мен қызмет мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандартқа қатысты нормалар енгізілген. Бұдан бөлек, заң жобасында психологтердің құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Олардың қатарында этикалық нормаларды сақтау, ақпараттандырылған келісім алу, құпиялылықты қамтамасыз ету, кәсіби құпияны сақтау және клиенттің келісімінсіз ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу талаптары бар. Құжатта психологиялық көмек алушылардың құқықтары да айқындалған. Атап айтқанда, маманды таңдау, толық ақпарат алу, көмектен бас тарту, өз құқықтарын қорғау және шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар заң жобасында медициналық қызметті жүзеге асыруға және дәрілік ем тағайындауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, психологиялық қызмет туралы жалған ақпарат таратуға және қызмет нәтижесіне кепілдік берілетінін мәлімдеуге жол берілмейді.