Бүгін, 7 сәуірде Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық күні атап өтіледі. Бұл күн ерте шақтан салауатты әдеттерді қалыптастырудың, аурулардың профилактикасының және белсенді өмір салтының маңыздылығына арналған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстанда кардиологиялық қызметтің дамуы инфаркттан болатын өлімді азайтуға және инсульттен болатын өлім көрсеткішін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.
Ел бойынша инсульт орталықтарымен (85) және коронарография бөлімшелерімен (82) толық қамту қамтамасыз етілді. Жүрекке жасалатын жоғары технологиялық операциялардың саны артты.
Нәтижесінде, инфаркттан болатын өлім 3,2%-ға, ал инсульттен болатын стационарлық өлім 25%-ға төмендеді.
Соңғы екі жылда 12 сызықтық үдеткіш іске қосылып, 17 ПЭТ/КТ орталығы жұмыс істеуде. Сәулелік терапиямен қамту деңгейі 39%-дан 65%-ға дейін өсті.
Нәтижесінде, пациенттердің 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 56%-дан 65%-ға дейін артты.
Қазақстанда профилактикалық медицина да қарқынды дамып келеді. Скринингтік бағдарламаларды кеңейту нәтижесінде онкологиялық аурулардың шамамен 80%-ы ерте кезеңде анықталады.
Ұлттық скрининг бағдарламасы жыл сайын шамамен 3 миллион адамды қамтып, ауруларды ерте анықтауға және емдеудің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Онкоскринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді, бұл қосымша 300 мыңнан астам азаматты қамтуға мүмкіндік берді.
Жас шектеуі 76 жасқа дейін кеңейтіліп, жаңа тексеру түрлері, оның ішінде инсульт қаупін анықтауға арналған скрининг енгізілді.
2029 жылға дейінгі денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасының шеңберінде денсаулық мәдениетін қалыптастыру стратегиялық бағыт ретінде айқындалған.
Бұл тамақтану, дене белсенділігі, профилактика және сенімді ақпаратқа қолжетімділікті қамтитын жүйелі модельге көшуді білдіреді.
Қазақстан өңірде күтілетін өмір сүру ұзақтығы бойынша бірінші орынға шықты.
Бұл көрсеткіш тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейге – 75,97 жасқа жетті. Ана өлімінің 35%-ға және нәресте өлімінің 15,3%-ға төмендеуі жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін көрсетеді.
ЮНИСЕФ Қазақстанды жаңа туған нәрестелер өлімін азайту бойынша өңір көшбасшысы деп таныды.