Қатонқарағай елдегі ең экологиялық таза қалаға айналады

Арнайы жиынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров және Aitas холдингінің өкілдері қатысты.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде Қатонқарағай ауданын дамыту жайы талқыға салынған жиын өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Отырыс барысында аудан әкімдігі мен Aitas холдингі бірлесе әзірлеген Қатонқарағайды дамытудың стратегиялық құжаты ұсынылды.

Еске салсақ, жуырда ШҚО әкімін қабылдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласын дамытуды жалғастыруды тапсырған болатын. Бұл мақсатта облыс әкімдігі кәсіпкерлермен бірлескен жұмысты күшейтіп жатыр.

«Соңғы 7 жылда Қатонқарағайда 100-ден астам жоба іске асырылды. Оның 75-і туризм саласына қатысты. Аудан әкімдігімен бірлескен жұмыстың арқасында қызмет көрсетілген туристер саны 5 есе, бөлшек сауда көлемі 2 есе, мектептердегі білім сапасы 20 пайызға өсті. Енді Қатонқарағайды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспары әзірленіп отыр», – деді Aitas Meken foundation корпоративтік қорының атқарушы директоры Фатима Герфанова.

Оның айтуынша, ондағы негізгі мақсат – саналы туризм кластерін құрып, ауданның өз экономикасының 50 пайызын қамтамасыз ете алуына қол жеткізу. Стратегиялық құжатқа сәйкес, ауданда бес жылда халықаралық деңгейдегі 2 қонақүй, 2 музей, 3 көпфункционалды сауда және туристік кешен, ауыл шаруашылығы өнімдері сатылатын 2 базар салынбақ.

Қатонқарағай мен Өрел негізгі тірек ауылдар болады деп көзделген. Олар базалық инфрақұрылыммен толықтай қамтылып, 3 жаңа мектеп, 2 балабақша бой көтереді. Холдинг өкілдері басқа ауылдардың да назардан тыс қалмайтынын айтып отыр. Экологияға да баса мән беріліп, халықаралық Green Destination сертификатын алу жоспарланып отыр. Осылайша, Қатонқарағай ел бойынша ауаға мүлде зиянды шығарындылар тарамайтын алғашқы аудан болмақ.

«Шығыс Қазақстандағы шекаралық аудандар Президенттің жеке шешімімен ашылған. Олардың дамуы Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Егер Қатонқарағайдағы осы жоба сәтті іске асатын болса, бұл қалған аудандарға үлгі болады», – деді Ерлан Саиров.

ШҚО әкімі өз сөзінде ұсынылған стратегиялық құжат өңірдің 2030 жылға дейінгі даму жоспары аясында жіті қаралатынын жеткізді. Сондай-ақ туризмді ілгерілетудің арнайы жоспары да жеке әзірленіп жатыр.

«Облысты дамыту мақсатында жұмыс істеуге ниет білдірген кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, барынша жағдай жасауымыз керек. Қатонқарағай тек қазақстандық емес, шетелдік туристер көптеп келіп, таңғалып, айналасындағыларға жарнамалап айтатындай мекенге айналуы тиіс», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Өңірдің туризм саласын дамытуға жергілікті кәсіпкерлер қарқынды тартылып жатыр. Aitas холдингі Қатонқарағайдан бөлек, Ұлан және Шемонаиха аудандарында жұмыс істеуді көздесе, Риддер қаласы, Үлкен Нарын, Марқакөл және Күршім аудандарына басқа бизнес өкілдері де қаражат құймақ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.