Иранның әуе қорғаныс күштері Ормуз бұғазы маңында АҚШ-тың A-10 шабуылдаушы ұшағын атып түсірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы 3 сәуір, жұма күні кешке Иран әскерилері мәлімдеді.
Мемлекеттік IRIB телерадиокомпаниясының хабарлауынша, «АҚШ-тың A-10 ұшағы әуе қорғаныс жүйелері арқылы жойылып, Парсы шығанағына құлады».
Бұған дейін The New York Times басылымы екі америкалық шенеунікке сілтеме жасап, АҚШ Әуе күштерінің A-10 Thunderbolt II ұшағы Парсы шығанағы маңында апатқа ұшырағанын жазған еді. Олардың айтуынша, ұшақ Ормуз бұғазына жақын жерде құлаған, ал ұшқыш аман құтқарылған. Апаттың нақты себебі айтылмаған.
Тәуліктегі екінші жоғалған әскери ұшақ
Бұл оқиға АҚШ Әуе күштері үшін соңғы 24 сағаттағы екінші жоғалтқан әскери ұшақ болуы мүмкін. Бұған дейін жұма күні Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы америкалық жойғыш ұшақты атып түсіргенін мәлімдеген.
Алғашында иран тарапы F-35 ұшағы жойылғанын хабарлағанымен, сарапшылар жарияланған қалдықтарды зерттей келе, оның F-15E ұшағы екенін анықтаған.
АҚШ әкімшілігі әскери ұшақтың жоғалғанын растады. Ұшқыштарды іздеу жұмыстарына екі тарап та кіріскен. Америкалық БАҚ мәліметінше, экипаждың бір мүшесі құтқарылған, ал екінші ұшқыштың тағдыры әзірге белгісіз.
Трамп: Бұл келіссөздерге әсер етпейді
АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News телеарнасына берген сұхбатында бұл жағдай Иранмен келіссөздерге әсер етпейтінін айтты.
«Жоқ, мүлде әсер етпейді. Бұл – соғыс», – деді ол.
Сонымен қатар Трамп F-15E ұшағындағы екінші ұшқыштың тағдырына қатысты сұраққа нақты жауап бермеді.
«Бұл туралы пікір айта алмаймын, біз ондай жағдай болмайды деп үміттенеміз», – деді ол.