Белсенділігі бәсең буын

Елдегі жастар жұмыссыздығы мәселесі кейінгі жылдары қайтадан өзекті тақырыпқа айналып отыр. Әсіресе, 25-28 жас аралығында жұмыссыздар санының артуы алаңдаушылық туғызады.

Ресми деректерге сәйкес, бұл санаттағы жұмыссыздар саны 29,3 мың адамға артып, еңбек нарығының бір түйткілін ашып көрсетті.

Жұмыссыздар қатарын толтырып жүр

Еңбек нарығында ең белсенді әрі ең қабілетті саналатын жастардың жұмыссыз жүруі кездейсоқ статистика дегенге келмейді. Сарапшылардың пікірінше, жастардың жұмыссыз қалу себептері сан алуан. Тіпті, дипломы барларының өзі еңбек нарығында орнын таба алмай сенделіп жүр. Бірі сұран­ыс­сыз мамандық иесі болса, енді бірі тәжірибесі жоқ деген желеумен жұмысқа орналаса алмайды. Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымының (OECD) бағалауы бойынша, жастар арасындағы негізгі жұмыссыздық мәселесі жұмыс орны­ның саны емес, білім және кәсіби білік дең­гейіне сай келетін, өнімді және ақысы жақсы жұмыс орындарының жетіспеуі. Нақты айтқанда, білім беру жүйесі мен еңбек нарығының талаптары арасында ал­шақтық пен жастардың еңбегіне лайықты ақы алатын жұмыс орындарының болмауы. Бұл тұрғыда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім беру бағдарламаларының артықтығын және олардың тәжірибеден алшақтығын растап отыр. Оның айтуынша, білім беру жүйесінде шамадан тыс академизм, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының қайталануы байқалады.

– Қазір жоғары оқу орындарында эко­номика бағыты бойынша 142, ал құқықтану бойынша 115 білім беру бағдарламасы жүзе­ге асырылуда. Көп жағдайда мұндай бағдарламалар бір оқу орнының өз ішінде де қайталанып отыр. Сонымен қатар зерттеу базасымен жеткілікті қамтамасыз етілмеген шамадан тыс академиялық сипат сақталып, теория мен нақты тәжірибе арасындағы алшақтық тереңдей түскен. Бұл – жекелеген жоғары оқу орындарының мәселесі емес, жүйелі шешімді талап ететін ортақ түйткіл.

Сондықтан біз бұл бағытта нақты шешім қа­былдап отырмыз. Жалпы саны 700-ден астам білім беру бағдарламасы қысқартылады. Оның ішінде 78 жоғары оқу орнындағы 503 бағдарлама  артықтықты жою үшін, тағы 26 бағыт бойынша 235 бағдарлама  жүйедегі олқылықты жою мақсатында тоқтатылады. Бұл ретте барлық студенттің оқуын толық аяқтауына кепілдік беріледі. Алайда аталған бағдарламалар бойынша жаңа қабылдау жүргізілмейді, – дейді министр.

Жалпы, жастардың жұмысқа орналасу­ындағы қиындық ең алдымен олардың кәсіби біліктілігі, мамандығының еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарына сай емесі туралы мамандар жиі айтады.

– Еңбек нарығында техникалық маман­дықтарға деген сұраныс бар. Ал ол техникалық мамандықтар жоғары немесе арнайы колледжде бітірген мамандардың кәсіби дағдылары белгілі бір аппаратпен жұмыс істеу сияқты кә­сіби дағдылары жұмыс беру­шінің талабына сай келмейді. Бұл біздегі білім сапасымен тікелей байланысты. Әсіресе, инфрақұры­лымдық жағынан ауыл мектептерінің сапасы болашақ кәсіби мамандарды дайындауға бейім емес. Сонымен қатар көптеген жоғары оқу орны функ­ционалды білім береді де, прагматикалық, практикалық білім бермейді. Нақты еңбек нарығында қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастырмайды. Сондықтан дипломы бар түлектер де – дипломы бойынша жұмыс істеймін десе, тағы да сол икемі, тәжіри­бесі жоқ болып шыға келеді, – дейді әлеумет­танушы Айсұлу Молдабекова.

Диплом инфляциясы: білім бар, сұраныс жоқ

Еліміздің еңбек нарығында «Қазақстанда дипломның құны бар ма?» деген сұрақ  жиі қойылады. Себебі жоғары білімге мемлекет тарапынан салынған қомақты инвестицияға және жыл сайын мыңдаған білім беру гранты бөлінетініне қарамастан, мамандық бойынша нақты жұмысқа орналасу коэффициенті төмен деңгейде қалып отырғаны жасырын емес.  Президент жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Гүлназ Қасымованың пайымдауынша, жүргізген таңдаулы сауалнама нәтижелеріне сәйкес, бүгінде жас мамандардың бестен бір бөлігінен астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді: бұл көрсеткіш техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) түлектері арасында – 29%, ал жоғары білім алғандар арасында  17%-ды құрайды.

– Университет пен ТжКБ түлектері көбіне қызмет көрсету саласына немесе жоғары білімді қажет етпейтін жұмыс орын­дарына кетуге мәжбүр. Мұндай үрдістер тұрақсыз жұмыспен қамту, төмен жалақы және әлеуметтік кепілдіктердің болмауымен сипатталатын әлеуметтік топ – прекариаттың  қалыптасуына ықпал етуде, – дейді маман. 

Десек те, жақында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кейбір уни­верситеттердің талапқа сай келмейтінін, бірақ кейінгі уақытта жоғары білім жүйесінде айтарлықтай өзгерістер болғанын және негізгі басымдықтың сапаны арттыруға бағытталып жатқанын айтты.

«Шынымен де, сынға шыдай алмайтын, білімі сапасыз университеттер бар. Біз олардың лицензияларын кері қайтарып, жабу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Бұл – күрделі процесс. Диплом ешқандай артықшылық бермейді деген клишені өзгерту керек. Білім қазір басқа деңгейде», – деді Саясат Нұрбек.

Қазір технологиялық трансформацияның қарқыны дүниежүзінде экономиканың құрылымы мен еңбек нарығының тез өзге­руіне тікелей әсер етіп жатқаны белігілі. Сарапшылардың сөзінше, цифрландыру, жасанды интеллект, автоматтандыру және Биг Дата мүлде жаңа жағдайды қалыптас­тырып отыр. Мұндай жағдайда білім беру жүйесінің жаңа технологиялар мен заман талаптарына сай болуы – шешуші факторға айналады. Осы орайда Үкімет кадрлық қамтамасыз ету мен білім беру бағдарлама­ларына ауқымды талдау жүргізіп негізгі мәселелерді анықтады. Аида Балаеваның сөзінше, Үкімет тарапынан кадрлық мәселелер бойынша 73 мыңнан астам отандық кәсіпорынды қамтыған ауқымды сауалнама жүргізіліп, талдау нәтижесінде шұғыл шешуді талап ететін бірқатар жүйелі проблема анықталған.

«Біріншіден, кадрлардың жасына байлан­ысты мәселе белгілі болды. Мамандардың негізгі үлесін 40-тан 59-ға дейінгі жас аралы­ғындағы қызметкерлер құрайды. Кейбір өңірлерде, атап айтқанда Павлодар облысында, 50-ден 59-ға дейінгі жас санатындағы қыз­меткерлердің үлесі жұмыспен қамтылған­дардың шамамен 50%-ына дейін жетеді. Бұл алдағы 7 жылдан 10 жылға дейінгі кезеңде экономи­каның негізгі салаларында білікті мамандар тапшылығы туындау қаупі бар екенін көрсете­ді», – дейді министр.

Яғни, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі аймақтық теңсіздік және көші-қонмен тікелей байланысты болуы да мүмкін. Мәселен, ірі қалаларда жұмыс мүмкіндігі көп болғанымен, бәсеке жоғары. Ал өңірлерде жұмыс орындарының тап­шылығы сақталып отыр. А. Балаеваның айтуынша, өңірлердегі нақты кадр қажеттілігі мен мамандарды даярлау бағыттары арасында елеулі алшақтық бар.

«Мәселен, Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласына 800 маман қажет болса, білім беру жүйесі бұл сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Ал Қара­ғанды облысында 351 IT вакансияға 2 500-ден астам студент дайындалып жатыр», – деді ол.

Бағдарламалар бар, нәтиже қайда?

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, 2025 жылдың төртінші тоқ­сан­ындағы ресми ақпарат бойынша елдегі жұ­мыссыздар саны 445,7 мың адамға жеткен. Жұмыс­сыздардың ең үлкен үлесі 35-44 жас аралы­ғындағы азаматтарға тиесілі болса – 164,3 мың адам. Ал 16-24 жас аралығында – 39,6 мың адам және 25-28 жас аралығында – 29,3 мың адам жұмыссыз. 2024 жылмен салыс­тырғанда 16-24 жас аралығында жұмыссыздар саны 7,1%-ға өскен, 25-28 жас аралығында – 40,7%-ға өскен. Сондай-ақ аймақтардағы жұмыссыздар саны ең көп Алматы қаласында 53,5 мың адам – 4,5%. Екінші және үшінші орында Түркістан облысында 39,9 мың адам – 4,6% және Алматы облысында  35,5 мың – 4,6% адам жұмыссыздар қатарында. Ал Алматы қала­сында жастардың – 4,1%-ы жұмыссыз бол­са, Батыс Қазақстанда – 3,9%, Астанада – 3,8% жастар жұмыссыз жүр. 

– Былтырғы шілде айындағы көрсет­кішке сәйкес елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ы сақтап отыр. Ал жұмыспен қам­тылғандар қатары жалдамалы жұмыскерлер есебінен өсіп, олардың саны 7,1 миллион адамға жетті, ал өзін-өзі жұмыспен қамты­ған­дардың саны – 2,1 млн адам, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов, 

Вице-министрдің айтуынша, елімізде халықтың саны өсіп жатыр. Соның нәти­жесінде жыл сайын еңбек нарығына келіп жатқан жастардың қатары артады. Болжам бойынша 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш жылына 360 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Бұл еңбек нарығына қосымша салмақ түсіреді. 

Дегенмен мемлекет халықты жұмыспен қамту бағытында және әсіресе жастар үшін «екі қолға бір күрек» мақсатымен түрлі бағдарламаны ұсынады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2026 жылы «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде 25 мың жас қазақстандықты жұмыспен қамту шаралары жоспарланып отыр.

Жастар практикасына алған мамандығы (біліктілігі) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жасы 35-тен аспаған, білім беру ұйымдарының жұ­мыссыз түлектері қатыса алады. Бағдар­ламаға қатысу үшін Мансап орталығына өтініш беру қажет. Практикадан өту кезеңінде әрбір қатысушыға жұмыс беруші тарапынан тәлімгер бекітіледі, ол кәсіби білім мен прак­тикалық дағдыларды меңгеруге ықпал етеді.

«Жастар практикасын» қаржыландыруды Еңбек ұтқырлығы орталығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жалақыны ай сайын төлей отырып жүзеге асырады. Төлем жұмыс беруші ұсынған мәліметтер негізінде екінші деңгей­дегі банктерде ашылған қатысушылардың ағымдағы (карталық) шоттарына ақша қаражатын аудару жолымен жүргізіледі.

– 2026 жылғы ақпан, наурыз айларының қорытындысы бойынша жоба аясында 423 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарламаға қатысушылар жұмысқа орналасқан ең сұранысқа ие мамандықтар қатарында мейіргер (124 адам), заңгер (66 адам), шет тілі мұғалімі (57 адам), тәрбиеші (47 адам) және бастауыш сынып мұғалімі (43 адам) бар. Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 129,7 мың теңгені құрады, – делінген хабарламада.

Алайда кейбір мамандар «Жастар практикасы» немесе «Жасыл ел» секілді басқа да құрылыс отрядтарына жастарды жұмысқа тарту мәселені шешпейтінін айтады. Әрине, мемлекеттік бағдарламалар жұмыс берушілердің жастарды жұмысқа алуына серпін береді. Айта кететін жайт, бұл жерде көбіне онсыз да жұмысқа тұруға қабілетті, онсыз да жұмыс істейтін жастар алынады. Ал кәсіби дағдылары жоқ немесе білімі мен біліктілігі жоқ жастар тағы да бұл бағдарламадан тыс қалып қояды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ