Баллонға байланған өңір

Көгілдір отынның орталықтандырылған жүйесінің болмауы кейде орны толмас өкінішке апарып соғатыны рас.

Газ баллонын бүгінге дейін қолдануға мәжбүр болып тұрған аймақтардың бірі – Ақмола облысы. Былтыр облыс орталығында болған газ жарылысынан балалар дүниеден өтті, биыл Щучинскідегі «Центр плова» кафесінде болған жарылыс­тан 11 адам опат болып, 30-дан астам адам ауыр жарақат алды. Түйткілдің басты түйіні қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың салдарынан ғана емес, мәжбүрлікте жатқанын да айта кету керек. 

Өңірде аталған мәселеге мемлекет тарапынан қомақты қаражат қарастырылып, осыдан талай жыл бұрын-ақ көгілдір отын берілуге тиіс еді. Алайда газдандыру мәселесі Ақмолада жылдар бойы шешілмей келе жатыр. Бурабай ауданында болған қайғылы оқиға бұл мәселенің қаншалықты өткір екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Аудан әкімдігінің өзі мойындағандай, мұнда орталықтандырылған газ да, газгольдерлік жүйе де атымен жоқ. Демек, халық пен кәсіпкерлердің жалғыз «таңдауы» – тек газ баллондары.

Жалғыз Бурабай ауданы ғана емес, Атбасар, Степногорск, тіпті, облыс орталығы Көкшетаудың өзі толыққанды газ жүйесіне қосылмаған. Степногорскіде тұрғындардың 40 пайызы, кәсіпкерліктің едәуір бөлігі газ баллонын қолдануға мәжбүр. Көкшетауда жағдай сәл ғана өзгеше болғанымен, түбегейлі шешімін таппаған. Шаһарда 246 газ реттеу қондырғысының тек жартысы  жұмыс істейді, ал бұрынғы жүйелер қаңырап бос қалған. Көпшілігі қирап іске жарамсыз күйге түскен.

Ресми деректерге сүйенсек, қазір Ақмола облысында орталықтандырылған газ тек Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласында бар. Барлығы 121 мың адам ғана көгілдір отынға қол жеткізген. Бұл – облыс халқының азғантай ғана бөлігі.

2019 жылы іске қосылған «Сарыарқа» магистралды газ құбыры аймақ халқына үкілеген үміт сыйлаған еді. Алайда арада бірнеше жыл өтсе де, оның игілігі өңірдің басым бөлігіне жеткен жоқ. Құзырлы орган­дардың мәліметінше, 2026-2027 жылдары бірнеше ауылға газ тарту жоспарланып отыр. Бірақ бұл да мәселені түбегейлі шеше алмайды.

Ал 2030 жылға жоспарланған «Есіл-Астана» магистралі  қордаланып қалған түйткілдей әсер қалдырады. Бүгінге дейін от жағып, газ баллонын көпқабатты үйге сүйрелеп көтерген жұрт барын біреу білсе, біреу білмес.

Жиі айтылатын баламалардың бірі – электр плиталары. Бірақ бұл да толыққанды шешім емес  екені анық. Біріншіден, электр энергиясы газға қарағанда әлдеқайда қымбат. Екіншіден, көптеген елді мекенде қажетті энергиялық қуат жетіспейді. Яғни, халыққа ұсынылып отырған таңдау іс жүзінде таңдау емес, тығырыққа тірелген жүйенің амалсыз тірлігі сияқты көрінеді.

80 көпқабатты үйдің ғана электр плиталарымен жабдықталуы  өңірдегі инфрақұрылымның нақты деңгейін ашық көрсетеді. Қалған мыңдаған отбасы қауіп пен үнемнің арасында әупірімдеп күн кешуге мәжбүр. Газ баллондарын қауіпсіз пайдалану жергілікті атқарушы органдарға жүктелгені рас. Техникалық қызмет көрсету шартынсыз газ жабдықтарын қолдануға заң жүзінде тыйым салынған. Яғни, барлығы қағаз жүзінде сақадай-сай мінсіз көрінуі мүмкін.

Бірақ Щучинскідегі жарылыс бұл талаптардың іс жүзінде қалай «орында­латынын» айқын көрсетті. «Егер бақылау шынымен тиімді болса, мұндай трагедиялар қайталанар ма еді?» деген заңды сауал туындайды.

Ақмола облысындағы бұл жағдай тек өңірлік мәселе емес, теріскей облыстар – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, сондай-ақ шығыстағы Абай облысы да дәл осындай күйден арыла алмай отыр. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы