Инновацияны қаржыландыру артады

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституцияда еліміздің даму болашағын айқындайтын аса маңызды стратегиялық бағдар ретінде бекітілген инновацияларды дамыту мәселесі қаралды.

«Ғылым мен инновацияны дамыту жаңа Конституцияда мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танылды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында инновациялар еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалғанын атап өтті. Экономика салаларындағы жетістіктер мен табыстардың дені инновациялық дамудың ауқымы мен қарқынына тікелей байланысты. Инновациялар еңбек өнімділігін арттыруға және жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға негіз болады», – деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Президент тапсырмасымен кейінгі алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. Мемлекет ғылым мен инновацияны дамыту үшін қолайлы жағдай жасап жатыр.

Жуырда қабылданған Ғылымды шоғырландыру аумақтарын құру тұжырымдамасы технологиялар мен инновациялардың дамуына тың серпін береді. Олардың қатарында Курчатовтағы ғылыми қалашықты, сондай-ақ Алматыдағы Ядролық физика институты мен Астанадағы «Назарбаев университеті» базасындағы екі технологиялық парк бар.

Барлық әкімдікке әр облыстың нақты салалық ерекше­ліктерін ескере отырып, өңірлік инновациялық жүйелердің қалыптасуы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету тапсырылды.

«Мемлекет басшысы жақында өткен ғылыми қоғамдастықпен кездесуінде ғылымды қаржыландыру мен жаңа технологиялар енгізуден нақты нәтиже күтетінін баса айтты. Ғылым министрлігі Ғылым академиясымен, ғалымдармен және бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, бір ай ішінде ғылыми-инновациялық қызметтің тиімділігін арттыру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын дайындауы қажет. Бұл құжатта нәтижеге негізделген көрсеткіштер, цифрландыру бойынша шаралар және барлық қатысушының жауапкершілігі айқындалуға тиіс», – деп атап өтті Премьер-министр.

Өңір әкімдіктеріне ғылым мен инновацияларды қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайтып, оны 2029 жылға қарай жалпы өңірлік өнімнің кемінде 1%-ына жеткізу тапсырылды. Бұдан бөлек, 2035 жылға қарай инновациялық өнімдердің үлесін жалпы ішкі өнімнің 3%-ына дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін инновация саласында бірқатар жүйелі мәселені шешу керек.