Президент: Жаңа Ата Заң келешекке қол созған қоғамның басты құжаты болмақ

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау бойынша жуырда өткен республикалық референдум ұлт дамуының даңғыл жолға түскенін көрсетеді.

Еліміз саяси трансформацияның ең маңызды кезеңіне қадам басты. Тәуелсіздік алғалы 35 жыл ішінде мұндай елеулі оқиға болған емес.

Соңғы жылдары үшінші рет өткен жалпыұлттық референдум еліміздің саяси жүйесі жетілгенін, азаматтарымыз мемлекет келешегін айқындайтын маңызды шешімдерді қабылдау үдерісіне тікелей атсалысуға дайын екенін байқатты. Референдумға дауыс беру құқығына   халықтың 73,12 пайызы қатысты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Конституциялық өзгерістерді дауыс берушілердің 87,15 пайызы, яғни, жұртшылықтың басым бөлігі қолдады.

Азаматтарымыз мақұлдаған Қазақстанның жаңа Конституциясы халықтың әділ әрі құқықтық мемлекетте өмір сүруді қалайтынын аңғартады. Заң мен тәртіп, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарау және оны мүлтіксіз сақтау, қоғамды жаңғырту қағидаттары Конституцияға арқау болды. Сондай-ақ білім, ғылым, технология, мәдениет салаларын ілгерілетуге, экологиялық сана, волонтерлік, отаншылдық құндылықтарын дәріптеуге басымдық берілді. Ең маңыздысы, Қазақстанның зайырлы мемлекет екені анық жазылды.

Бір жағынан, мұны жас буынның үмітін ақтауға бағытталған айтулы қадам десек болады. Сол себепті жаңа Конституция өскелең ұрпақтың бағдары, темірқазығы ретінде қызмет атқаратынына сенімдімін.

Ата Заңымыз өте мұқият, барынша жауапкершілікпен әзірленді. Мәтіндегі әрбір сөйлемнің жазылуына өзім де үлес қостым. Конституциялық комиссия құрамына еліміздің 129 азаматы енді. Қоғам атынан осылай өкілдік ету бұрын-соңды болмаған. Олар Конституцияны егжей-тегжейлі зерделеп, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардан келіп түскен 12 мыңға жуық ұсынысты қарастырды. Ата Заң жобасы алты ай бойы қоғам талқысынан өтті.

Жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сай стратегиялық мұратымызды іске асыруға берік негіз қалап, оны одан әрі нығайта түседі.

Президент квотасын алып тастау заң шығарушы билік тармағының дербестігін күшейтеді. Бір палаталы Парламент жүйесіне (Құрылтайға) көшу заң шығару үдерісін жеделдетіп, жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа консультативтік орган – Халық кеңесі азаматтардың мемлекет ісіне қатысу аясын кеңейтіп, қоғамдық диалогтың өрбуіне жол ашады.

Сонымен қатар жаңа конституциялық жүйе аясындағы институционалдық реформалар мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, басшы кадрларды тұрақты түрде жаңартуға септігін тигізеді. Бұл бағыттағы өзгерістердің нақты нәтижесінің бірі ретінде Вице-президент лауазымының енгізілуі, басты мемлекеттік тұлғалардың қызмет мерзімі мен құзыретін шектеу ел басқару жүйесінің кемелденгенін көрсетеді.

Жаңа Конституция тек мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді көздемейді. Оның өзегі – адам. Ата Заңның ең үлкен бөлімі алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтарына арналып отыр.

Құжатта адамның жеке басына қол сұғылмау құқығына, сонымен қатар дербес деректердің қорғалуына, сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айырмауға және шығарып жібермеуге кепілдік беріледі.

Сондай-ақ әр азаматтың білікті заң көмегін алу және қорғалу құқығын қамтамасыз ету үшін сот жүйесінің тәуелсіздігі едәуір нығайды.

Ең бастысы, енді Конституцияға енгізілетін кез келген өзгерістер мен толықтырулар тек жалпыхалықтық референдумда ғана мақұлданады. Осылайша, ел тағдырына қатысты аса маңызды шешімдер халықтың талқысынан өтіп барып қабылданады.

Бұдан бөлек, жаңа Конституция ел дамуының стратегиялық негізін қалыптастырып, тұрақтылық пен жаһандық бәсекеге қабілеттілігімізді арттырады. Мәселен, Ата Заңда меншік құқығын қорғау тетіктері күшейді, зияткерлік меншік қорғау туралы бап енгізіліп, экономикалық қызметтің ережелері айқындалды. Инновация мен индустрияның дамуына тың серпін беру үшін «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі енгізілді.

Қазақстан шетелдерден тікелей инвестиция тарту көрсеткіші бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Аймаққа келген инвестицияның 70 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Әйтсе де, бұл бағытта әлі атқарылатын шаруа көп. Қазақстанның толық цифрлық елге айналу үдерісін жеделдету және инновацияға негізделген экономика құру үшін осындай реформалар жүргізілуі қажет еді.

Бір жағынан бизнесті, инновация мен ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға бейіл екенімізді Конституция деңгейінде бекіту арқылы халықаралық инвесторлар мен серіктестердің сеніміне ие боламыз.

Дүниежүзіндегі дүрбелеңдерге қарамастан, Қазақстан 30 жыл ішінде көркейіп, әлемнің ең дамыған 50 экономикасының қатарына енді. Цифрлық үкіметті дамыту көрсеткіші бойынша жаһандағы үздік 30 елдің санатындамыз. Елімізде мұнай мен газдың мол қоры бар. Жаңартылатын қуат көздерін, аса маңызды пайдалы қазбалар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге әлеуетіміз жеткілікті. Біз – ғарыш державасымыз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болдық.

Бүгінде еліміз Орта дәліз аясында жаңа сауда бағыттарын өркендетуді қолға алды. Орталық Азиядағы көршілес елдермен тығыз ынтымақтастық орнатып, озық технологияларды игеруге, аймақтағы мықты суперкомпьютерді іске қосып, қазақ тілінің үлкен тіл моделін жасауға кірісті.

Елімізде экономикалық тұрғыдан белсенді, еңбекқор, жоғары білімді азаматтардың үлесі басым. Олардың арасынан дарынды суретшілер, өнер жұлдыздары, мәнерлеп сырғанау, дзюдо секілді спорт түрлерінен Олимпиада жеңімпаздары шықты.

1995 жылы қабылданған Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, ел еңсесін тіктеуге оң ықпал етті. Ал жаңа Ата Заң кемеліне келіп, жаңғыруға бет бұрған, келешекке қол созған қоғамның басты құжаты болмақ. Бұдан былай халқымыз тарихи таңдауын жасаған 15 наурызды Конституция күні ретінде атап өтеміз.

Осы сындарлы сәтте тарихқа тағзым етіп, әділдік пен технологиялық прогресс қағидаттарын ілгерілететін, ашық экономика мен жауапты жаһандық серіктестікті қолдайтын қуатты мемлекеттің іргесін қалап жатырмыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев