Бейжіңде «Аягөз – Бақты» жобасының іске асырылу барысы талқыланды

Кездесуде Қазақстан тарапы отандық құрылыс компаниялары мен мамандарын тартудың, сондай-ақ қазақстандық өндірістің материалдарын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Бейжің қаласында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың China Harbour Engineering Company Co., Ltd. компаниясының басшылығымен кездесуі өтті. Кездесу барысында «Аягөз – Бақты» жобасының іске асырылу барысы талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Негізгі назар техника мен ресурстарды жедел жұмылдыру, құрылыс қарқынын арттыру, жұмыстарды белгіленген мерзімде орындау, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы теміржол желісінің түйісу нүктелерін айқындау мәселелеріне аударылды.

Компания өкілдері жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес орындауға дайын екенін растады және жобаға жергілікті мердігерлердің міндетті түрде қатысатынын атап өтті.

Айта кетейік, 2025 жылғы тамызда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен China Harbour Engineering Company Co., Ltd. арасында EPC келісімшартқа қол қойылған болатын.

«Аягөз – Бақты» жобасын іске асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік қатынасының өткізу қабілетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.