Мұз үстіндегі бәсеке

Чехияның астанасы Прага қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Биылғы дода бірқатар ерекшелігімен есте қалғаны рас.

Мәселен, додаға ресейлік спортшылардың қатыспауы бәсекенің бағытына әсер етпей қоймады. Одан бөлек, жаңа әлемдік рекордтар тіркелді. Бұл әлемдік додада Қазақстан намысын Диас Жиренбаев пен Софья Самоделкина қорғап, өз мүмкіндіктерін көрсетті.

Мұздағы Малининнің үстемдігі 

Қазір мәнерлеп сырғанау десек, есімізге бірден Илья Малинин түсетіні анық. 21 жастағы Илья Малинин өз үстемдігін қайта жалғап, Прагада мінсіз өнер көрсетіп, алтын тұғырға қайта аяқ басты. Ол қос бағдарлама қорытындысы бойынша 329,40 ұпай жинап, қарсыластарынан айқын басым түсті. Күмісті жапониялық Юма Кагияма, қоланы оның отандасы Шун Сато иеленді.

Ол еркін бағдарламасында төрт еселенген секіру, үш еселенген Аксель, төрт еселенген Лутц, үш еселенген секіру, төрт еселенген Лутц-Эйлер-үш еселенген Салхов комбинациясы, төрт еселенген аяқ ілмегі-үш еселенген аяқ ілмегі комбинациясы, төрт еселенген Салхов-қос Аксель тізбегі және өзінің ерекше сальтосын жасап көпшілікті тәнті етті.

Дегенмен сарапшылардың пікірінше, оның басты сынағы әлі алда. Танымал хореограф Илья Авербух Малининді қазір әлемдегі ең мықты спорт­шы деп атағанымен, олимпиада­дағы сәтсіздігін еске салды. Оның айтуынша, спортшы өз мәр­тебесін толық дәлелдеу үшін ке­лесі олим­пиадада жеңіске жетуі тиіс.

– Илья төрт жылдан кейін олимпиада ойындарында жеңіске жеткенде ғана өзін ақтай алады. Олимпиада ойын­дарын төрт жылда бір рет өтетін әлем чемпио­наттарынан ерекшелендіретін нәрсе осы. Бұл мәнерлеп сырғанаудан ерекше маңызды, жоғары деңгейлі турнир, – деп атап өтті ол Match TV-ге бер­ген сұхбатында.

Бұл ретте қазақстандық олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров есімі де аталып өтті. Сарап­шылар оның жетістігін ерекше бағалап, дәл уақытында шыңына шыққанын алға тартады.

– Мен алдағы жарыстардан көп үміт күтпеуге тырысамын. Тек өзім сүйетін ісімнен ләззат алғым келеді. Әрине, олимпиадада болған жайтты ұмыту мүмкін емес. Алайда солармен қатар жақсы естеліктерді де жиі ойлаймын. Қазір бәрін сол қалпында қабылдап, алдағыны сабырмен күт­іп жүрмін, – деді Илья Малинин Прагада өт­­кен әлем чемпионатындағы қысқа бағдар­ламасынан кейін Golden Skate басылымына.

Сакамотоның салтанаты

Каори Сакамото әлем чемпионатында тағы да топ жарып, төртінші мәрте алтын медаль иеленді. Ресейлік спортшылар қатыспаған бәсекеде жапон мәнерлеп сырғанаушысы айқын басымдық танытып, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Әйелдер арасындағы жекелей сында 25 жастағы Сакамото 238,28 ұпай жинап, жаңа рекорд орнатты. Күміс жүлде оның отандасы Моне Чиба еншісіне бұйырса, бельгиялық Нина Пинзарроне үздік үштікті түйіндеді. Ал грузиялық Анастасия Губанова оныншы орынмен шектелсе, қазақстандық Софья Самоделкина жарысты 12-орынмен аяқтады.

КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Татьяна Тарасова Match TV арнасына берген сұхбатында бұл додада бәсекелестерден жоғары нәтиже күтілетінін атап айтты. Дегенмен ол Сакамотоның өнеріне ерекше тоқталып, оның сырғанаудағы шынайылығы мен эмоциясын жоғары бағалады. 

– Сакамотоны осындай әдемі күйде көргеніме қуаныштымын. Мен оны көп жылдар бойы жақсы көремін... Каори ерекше. Бір адамның бүкіл әлемге осындай зор қуаныш әкелгені үшін оған алғысымды білдіремін. Каоридің мансабын аяқтап жатқанына өкінемін. Мен оны ешкіммен салыстырмаймын. Оны салыстыратын ешкім жоқ, – деді ол.

Айта кетейік, бұл Сакамотоның әлем чемпионаттарындағы төртінші алтыны (2022-2025). Ол сондай-ақ бір рет күміс жүлде жеңіп алған. Жапон спортшысы 2025/26 маусымынан кейін кәсіби мансабын аяқтауды жоспарлап отыр.

Жаңа есімдер шыққан жоқ

Осы жарыста біздің қыз-жігттеріміз жанкүйерлер үшін аралас әсер сыйлады. Мұз үстіне жаңа есімдер шығып, мүмкіндіктерді көретін сәт туғанмен, әлі де жетілдіруіміз қажет ететін тұсымыз көп.

Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстан намысын Диас Жиренбаев қорғады. Ол қысқа бағдарламада 59,34 ұпай жинап, 35-орынға тұрақтады. Өкінішке қарай, бұл нәтиже еркін бағдарламаға өтуге жеткіліксіз болды. Себебі келесі кезеңге тек үздік 24 спортшы ғана жолдама алады. Осылайша, Жиренбаев үшін әлем чемпионаты ерте аяқталды. Ал әйелдер арасындағы жарыста Софья Самоделкина ел үмітін арқалап шықты. Қысқа бағдарламадан кейін ол 12-орында тұрған еді. Еркін бағдарламада 120,58 ұпай жинап, жалпы есепте 187,53 ұпаймен жарысты 12-орынмен аяқтады. 

Жарыстан кейін Софья Самоделкина өз өнеріне қатысты ойын ашық айтты. Оның сөзінше, жалпы жағдайы жаман болмағанымен, еркін бағдарлама көңілінен толық шықпаған. «Өзімді жаман сезінген жоқпын, бірақ еркін сырғанаудағы өнеріме толық қанағаттанбаймын. Жаттығуда әлдеқайда жақсы орындадым деп ойлаймын», – деді ол.

Спортшының айтуынша, нәтижеге әсер еткен басты факторлардың бірі – жарақат. Тізесіндегі жарақаты  оған толыққанды дайын­далуға кедергі келтірген. «Кейде күніне бір сағат қана жаттығуға мүмкіндік болады. Қазір ең бастысы қалыпқа келіп, демалу», – деді Само­делкина.

Ол алдағы жоспарларын да бөлісті. Жарыстан кейін біраз үзіліс жасап, отбасымен уақыт өткізіп, саяхаттауды көздеп отыр. Ал жаңа маусымда тың бағдарламалар дайындап, өз деңгейін көтеруге ниетті.

Прагадағы бұл дода Қазақстан құрамасы үшін үлкен сабақ болды. Нәтиже жоғары болмағанымен, тәжірибе жинақталып, алдағы ірі жарыстарға бағыт айқындалды. Ендігі мақсат – осы мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, келесі маусымда жаңа деңгейге көтерілу.

Әсет ҚАЛИ