Алғашқы форум Шымкент қаласында ұйымдастырылып, өңірлердің цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталды. Форумның негізгі тақырыбы – Industry 5.0, яғни адам мен технологияның үйлесімді дамуы. Іс-шараға мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар мен стартаптар қатысып, цифрлық шешімдерді енгізудің тиімді жолдарын талқылады.
Жаңа форматтағы форумның басты ерекшелігі – оны елдің әр аймағында өткізу арқылы цифрлық технологиялардың игілігін барлық өңірге тең жеткізу. Шымкенттің таңдалуы да кездейсоқ емес. Өндірістік әлеуеті жоғары мегаполисте нақты секторды цифрландыру, жасанды интеллектіні өндіріс үдерістерімен ұштастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Форум аясында пленарлық отырыстар, салалық пікірталастар, IT-көрмелер және Digital Qazaqstan Awards ұлттық сыйлығы өтті. Вице-министр Дмитрий Мун бұл форум өңірлердің цифрлық дамуына серпін беретін маңызды платформа екенін атап өтті. Оның айтуынша, Digital Qazaqstan өңірлердің цифрлық трансформациясына нақты серпін беретін тиімді ұлттық платформа.
Форум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі еліміздегі ең ауқымды IT жарыстардың бірі саналатын Decentrathon 5.0 хакатонының басталуы болды. Бұл жоба – жарыс қана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты жастардың басын қосатын, инновациялық идеялар мен технологиялық шешімдер тоғысатын бірегей алаң. Биылғы ерекшелігі – хакатонның бір мезетте Қазақстанның 20 қаласында қатар өтуі. Жарыс 27 наурыз бен 5 сәуір аралығында өткізіледі. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары, Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қатысып, цифрлық трансформацияның табысты болуы бүкіл ел көлемінде жүйелі түрде іске асуы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол 2026 жылдың Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыру жылы ретінде жарияланғанын жеткізді.
Decentrathon жыл сайын 3 000-нан астам әзірлеушіні біріктіріп, жаңа идеялардың жүзеге асуына және мықты командалардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Бұған дейінгі жылдары жүлделі орындардың басым бөлігі өңірлік командаларға тиесілі болғаны елімізде технологиялық әлеуеттің кең ауқымда дамып келе жатқанын көрсетеді. Хакатон халықаралық деңгейде де жоғары қызығушылық тудырып отыр. Оған әлемнің жетекші компаниялары – McKinsey & Company (QuantumBlack), Mastercard, Binance, inDrive және Solana Foundation қолдау білдіруде. Бұл өз кезегінде Қазақстанның жас IT мамандарына деген сенімнің жоғары екенін аңғартады.
Болашаққа нық қадам
Digital Qazaqstan форумы мен Decentrathon 5.0 – елдің цифрлық трансформациясын жеделдетуге бағытталған өзара сабақтас бастамалар. Бұл алаңдар жаңа технологияларды енгізуге, инновациялық ойлауды дамытуға және адам капиталын нығайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, Digital Qazaqstan – технология мен адам әлеуетін ұштастыра отырып, Қазақстанның цифрлық экожүйесін жаңа деңгейге көтеретін, өңірлердің дамуына тың серпін беретін стратегиялық маңызы зор ұлттық платформаға айналып келеді.
Форумның басты мақсаты – өңірлердің цифрлық әлеуетін күшейтіп, экономиканы заманауи технологиялар арқылы дамыту. Бұл алаң қатысушыларға тәжірибе алмасуға, озық тәжірибелерді таныстыруға және жасанды интеллект пен цифрлық трансформация бағытындағы жаңа жобаларды талқылауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, Digital Qazaqstan еліміздің цифрлық болашағына үлес қосқысы келетін мамандар мен кәсіпкерлер үшін тиімді диалог алаңына айналды.
Форум негізінде Шымкент қаласында Орталық Азияның спорттық бағдарламалау чемпионаты өтті. Аймақтың үздік бағдарламашылары қатысқан бұл жарыста қатысушылар күрделі алгоритмдік есептерді шешіп, өздерінің білімін, жылдамдығы мен техникалық шеберлігін көрсетті. Аталған чемпионат жастардың кәсіби дамуына серпін беріп, өңірдің IT-саласындағы әлеуетін арттыруға ықпал етті. Сондай-ақ форум шеңберінде байланыс саласындағы өңірлік достастықтың 35 жылдығына арналған арнайы пошта маркасын салтанатты түрде айналымға енгізу рәсімі өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары, Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ұйымның бас директоры Алексей Бородин және «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев қатысты.
Мерейтойлық марка өңірлік ынтымақтастықтың маңызын айқындап, Қазақстанның коммуникация және цифрландыру саласындағы жетістіктерін бейнелейді. Қатысушылар арнайы «Бірінші күн» штемпелімен таңбалау рәсіміне қатысып, естелік конверттермен алмасты. Жалпы, Digital Qazaqstan 2026 форумы тек технологиялық жаңалықтарды таныстыратын алаң емес, сонымен қатар халықаралық әріптестікті нығайтып, цифрлық трансформация бағытындағы нақты бастамаларды ілгерілететін маңызды платформа екенін көрсетті. Бұл форум еліміздің цифрлық трансформациясын жеделдетіп, өңірлердің технологиялық дамуына жаңа серпін беретін маңызды бастамалар болмақ.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы