Павлодарда сәбиін тұншықтырып өлтірген бойжеткенге үкім оқылды

Іс материалдарына сәйкес, бойжеткен жүктілігін толық мерзім бойы ешкімге айтпаған.

Павлодарда ата-анасынан жүктілігін жасырған студентке жаңа туған сәбиінің өліміне байланысты үкім шығарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс материалдарына сәйкес, бойжеткен жүктілігін толық мерзім бойы ешкімге айтпаған. Өткен жылдың қазан айында ол студенттік жатақхананың жуынатын бөлмесінде қыз баланы дүниеге әкелген.

Босанғаннан кейін психологиялық күйзеліске түскен студент нәрестенің жылаған дауысынан қорқып, оны сүлгіге орап, тыныс алуына кедергі келтірген. Соның салдарынан сәби көз жұмған.

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, жалғыз қалудан және туыстарының сөгісінен қорыққанын айтқан.

Сот оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 100-бабы бойынша саралап, екі жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған бірқатар шектеулер қойылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту міндеттелді.