Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апаты қоғамда үлкен резонанс тудырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, олардың туысы әділдік талап етіп отыр.
Апат 21 наурыз күні орын алған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, мемлекеттік нөмірі 009JET болатын Zeekr 9X маркалы көлік қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Соқтығыс салдарынан 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша, Zeekr көлігін 32 жастағы алматылық кәсіпкер Александр Пак басқарған. Куәгерлердің айтуынша, апат болған түні көлік басқа автокөлікпен жарысқа қатысқан болуы мүмкін. Апатқа себепкер делінген жүргізуші ауыр жарақат алып, бірнеше жері сынған.
Қаза тапқан жүргізушінің туыстары әлеуметтік желіде жанайқайын жеткізді. Олардың айтуынша, марқұм отбасының жалғыз асыраушысы болған.
«Інім — отбасының тірегі еді. Енді оның орнын ешкім толтыра алмайды», — дейді жақындары.
Тағы бір туысы алты жасар қыздың әкесіз қалғанын айтып, қайғысын бөлісті:
«Ол әлі 30-ға да толмаған еді. Ешкімге зияны жоқ, қарапайым еңбекқор адам болатын. Енді кішкентай қызға әкесінің жоқ екенін қалай түсіндіреміз?»
Марқұмдардың достары мен жақындары істің әділ әрі ашық тергелуін талап етеді. Олар кінәлілердің заң алдында жауап беруін сұрап, билік органдарын бұл істі ерекше бақылауға алуға шақырды.