«AMANAT»: Қазақстандықтар жаңа Конституцияны қолдап қана қоймай, ондағы құндылықтарды жүзеге асыруда

«AMANAT» партиясы бірқатар өңірде экологиялық іс-шара өткізді.

«AMANAT» партиясы наурызнама онкүндігін түйіндеген «Тазару күні» еліміздің барлық өңірінде «Мөлдір бұлақ» республикалық бастамасы аясында бұлақтар мен жағалау аумақтарын тазалауға арналған ауқымды экологиялық акциялар өткізді. Қазақстандықтар жаңа Конституция құндылықтарын жүзеге асыруға дайын екенін көрсетуде. Онда табиғатқа ұқыпты қарау мәселесі ел дамуындағы іргелі қағидаттардың бірі ретінде бекітілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«AMANAT» партиясы бірқатар өңірде экологиялық іс-шара өткізді. Мәселен, Шымкент қаласында 100-ге жуық адам Қошқар ата өзенінің жағалауын тазалады. Жамбыл облысындағы Қаратау шатқалында шамамен 400 адамның атсалысуымен бұлақ тазаланып, оған іргелес аумақ абаттандырылды. Жетісу облысында 70 белсенді азамат Ақсу көлінің маңын тазаласа, Түркістан облысында партияның 100-ден астам жақтасы Қаратау жотасы бөктеріндегі Хантағы өзені бойын ретке келтірді.

Алматы қаласы акцияның орталық алаңына айналды. Мұнда «AMANAT» партиясының 100-ге жуық мүшесі мен «Жастар Рухының» белсенділері Үлкен Алматы өзенінде экологиялық акция өткізіп, өзен арнасы мен жағалауын тұрмыстық қалдықтардан, лайдан тазартты. Сондай-ақ олар қураған ағаштарды отап, қоқысқа толы учаскелерді ретке келтірді. Бұдан бөлек, ағаш егіп, аумақты абаттандыру жұмысын жүргізді. Алайда сырт көзге қарапайым болып көрінетін бұл іс-шараның мәні мен маңызды тым тереңде жатыр. Бүгінде Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен нақты тәжірибелік мазмұнмен толығып отырған Наурызнама онкүндігі форматына ұласты. Бұл – қоршаған ортаны тазалайтын, абаттандыратын және игі бастамаларды жүзеге асыратын мезет. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей, бүгінде экологиялық күн тәртібі мемлекет саясаты мен қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналуда.

«Наурыз – жаңару кезеңі. Биыл табиғатпен бірге біздің қоғам да жаңарып келеді. Біз жаңа Конституция қабылдадық. Оның преамбуласында алғаш рет табиғатқа ұқыпты қарау мәселесі негізгі құндылықтардың бірі ретінде бекітілді. Конституция жоғары экологиялық мәдениет қалыптастырудың жаңа бағдарын ұсынады. Бұл – ортақ іс. Онда әрбір адамның қосқан үлесі ел ертеңінің бір бөлігіне айналып, болашақ ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер етеді. Ал бүгінгі акция – осы өзгерістердің қоғамда нақты қолдау тауып отырғанының айқын дәлелі. Бұл – қазірдің өзінде шынайы жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Себебі адамдар сөзден іске көшіп, қоршаған ортаны қорғауға атсалысуда», – деді ол.

Сондай-ақ «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы бір реттік науқан емес, орнықты дәстүрге айналғанын атап өтті. Азаматтардың саналы таңдауы, тәртіп пен тазалыққа деген ұмтылысы нақты істер арқылы айқындалуда. Мұндай акциялар жаңа қоғамдық сана-сезім қалыптастырады. Оның өзегінде табиғатқа ұқыпты қарау, қоршаған ортаға жауапкершілік таныту және туған жерге қамқорлық жасау әрбір қазақстандық азаматтың қастерлі парызы екенін ұғыну құндылығы жатыр.

Алғаш рет мемлекет деңгейіндегі іргелі құндылықтардың бірі ретінде табиғатқа ұқыпты қарау қағидаты бекітілді. Тұрақты даму, экологиялық қауіпсіздік және болашақ ұрпаққа қамқорлық – Қазақстанның стратегиялық таңдауы. Сондай-ақ бұл заманауи стандарттарды енгізуді, үздік қолжетімді технологияларға көшуді және экологиялық есеп берудің ашықтығын қамтамасыз етуді білдіреді. Экология енді екінші кезектегі тақырып болудан қалып, мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналуда.

15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция Мемлекет басшысының ауқымды реформалар бағытының заңды жалғасына айналып, оның Әділетті Қазақстан құру жолындағы жеке көзқарасын айқын көрсетті. Ата Заңның жаңашыл нормалары Президенттің тікелей қатысуымен әзірленіп, мәтіні жан-жақты талқылау мен кең қоғамдық пікірталас нәтижесінде қалыптасты. Референдум қорытындысы халық пен Президент ел дамуы жолында ортақ мақсатпен біріккен біртұтас команда екенін көрсетті.

Сонымен қатар «AMANAT» партиясы осы қағидаттардың жүйелі жүзеге асырылуын қамтамасыз етуде. «Таза бейсенбі» партиялық акциясы аясында ел аумағында ауқымды қоғамдық қозғалыс қалыптасты. Кейінгі екі жылдың өзінде 2 мыңнан астам ластанған аумақ тазаланып, 100-ден астам су нысаны ретке келтірілді, 190 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Іс-шараларға шамамен 120 мың адам қатысты. Ал былтыр «Таза Қазақстан» республикалық road-эстафетасы барысында Алматыдан Қызылордаға дейінгі 1200 шақырым жол бойында 150 тоннадан астам қоқыс жиналып, Ақыртас кешені, «Бірлік» монументі, Ордабасы тауындағы үш бидің ескерткіші және көне Сауран қалашығы сияқты киелі орындар абаттандырылды. Осылайша экологиялық мәдениет қоғамдық өмірдің және Қазақстанның орнықты дамуының ажырамас бөлігіне айналуда.