Атырау облысында алты айлық сәби қайтыс болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты azh.kz сайтына сілтеме жасап.
Ата-анасының айтуынша, баланың жағдайы қызуы көтеріліп, құлақ қабынуы (отит) асқынғаннан кейін күрт нашарлаған.
Олардың сөзінше, дәрігерлер ұзақ уақыт нақты диагноз қоя алмай, тиісті емді дер кезінде тағайындамаған. Жағдайы қиындаған соң, ата-анасы баланы Қызылқоға ауданынан Атырау қаласына өз күшімен алып шыққан. Бірнеше сағатқа созылған жолда сәбиді алты сағат бойы тасымалдаған.
– Бізге нақты диагноз қойылмады, қажетті ем көрсетілмеді, санавиация да берілмеді. Баланы өзіміз алып жүрдік, өкінішке қарай ол қайтыс болды, – дейді ата-анасы.
Олар сондай-ақ дәрігерлік консилиум кезінде қажетті емдік шаралар ұсынылмағанын алға тартты. Ата-анасының айтуынша, сәби Атыраудағы облыстық аурухана кіреберісінде көз жұмған.
Аталған дерек бойынша әзірге қылмыстық іс қозғалған жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тексеріс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомство басшысы Қайсар Абдалиев бір жасқа дейінгі балалар өлімі міндетті түрде сот-медициналық сараптамаға жіберілетінін атап өтті.
– Сараптама қорытындысынан кейін тиісті шешімдер қабылданады, – деді ол.
Қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.