Ақтөбеде 40 адамға жалған медициналық анықтама рәсімдеген медбике ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел-іздестіру шаралары барысында қаладағы клиникалардың бірінде жалған медициналық анықтама беру кезінде медбикені қолға түсірді.
Жедел мәліметке сәйкес, күдікті пайда табу мақсатында танысымен алдын ала келісіп, №075, №086 нысандарындағы анықтамалар мен санитарлық кітапшаларды заңсыз дайындау және сату схемасын ұйымдастырған.
Тексеру барысында олардың азаматтарды міндетті зертханалық және медициналық тексерулерден өткізбей-ақ жалған құжат рәсімдеп келгені анықталды. Әр анықтама үшін 5 000-нан 10 000 теңгеге дейін ақы алып отырған.
Қазіргі уақытта осындай құжаттарды сатып алған 40 азамат анықталды.
Күдіктінің жұмыс кабинетінде жүргізілген тінту барысында «Дерматолог», «Лаборатория», «Жарамады/Годен», «Реакция микропреципитации экспресс әдісімен» және «Анықтамалар үшін» деген жазуы бар жалған мөрлер тәркіленді.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.