Қызылордада дәрігер жалған құжат жасағаны үшін сотталды

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзғаны үшін 15 тәулікке қамалған.

Қызылорда облысының прокуратурасы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде тексеру жүргізу барысында лауазымды тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасаған фактісін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы әкімшілік құқық бұзғаны үшін 15 тәулікке қамалған. Бірақ мемлекеттік қызметші жұмыста болмағанын жасырып, оны заңдастыру мақсатында басшылыққа жалған уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ұсынған.

Тергеу барысында құжаттың жалған екені және оны Сырдария аудандық ауруханасының дәрігері дайындағаны анықталды.

Прокурорлық тексеру негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс сотқа жолданды.

Сот үкімі бойынша:

- Аудандық аурухана дәрігері жалған құжат дайындағаны үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

- Бөлім басшысы көрінеу жалған құжатты пайдаланғаны үшін ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төледі.

Сот үкімі заңды күшіне енді.