Жамбыл облысындағы жанжал: әйел адам телефонмен басынан ұрып, миын шайқап жіберген

Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші ми шайқалуын, бірінші дәрежелі ми контузиясын, сондай-ақ сынық түріндегі жабық бас-ми жарақатын алған.

Жамбыл облысының Сарысу аудандық сотында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп айыпталған азаматша К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

2025 жылдың қазан айында Жаңатас қаласында монша ғимаратының алдында сотталушы мен жәбірленуші арасында ауызша жанжал туындаған. Жанжал барысында сотталушы қолындағы смартфонмен жәбірленушінің басынан ұрған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленуші ми шайқалуын, бірінші дәрежелі ми контузиясын, сондай-ақ сынық түріндегі жабық бас-ми жарақатын алған. Бұл жарақаттар өмірге қауіпті, денсаулыққа келтірілген ауыр зиян санатына жатады.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жәбірленушіден кешірім сұраған.

Сот отырысында жәбірленуші сотталушыны кешіретінін мәлімдеді.

Сот үкімімен азаматша К. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бірақ оның кішкентай балаларының болуына байланысты жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды.

Үкім заңды күшіне енді.