Жүргізуші куәлігін сату: өңірлердегі жемқорлық схемасы анықталды

Жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам дерек тіркелген.

Жыл басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін рәсімдеу барысында заңсыз сыйақы алу және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

"Астана қаласында Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескені әшкереленді", – делінген хабарламада.

Жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 60-тан астам дерек тіркелген.

"Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО мен Екібастұз қаласындағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ филиалдары басшыларының заңсыз әрекеттері тоқтатылды. Олардың жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырғаны үшін ақшалай қаражат алғаны анықталды", – деп хабарлады ведомство.

Сонымен қатар Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін теріс пайдаланған лауазымды тұлғалардың заңсыз баю фактілері анықталды.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.