Ұлттық киім киіп барып, дауыс берген университет ұжымы

Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – жаңа Конституция жобасы бойынша өткен референдум.

Осы маңызды саяси науқан аясында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде орналасқан №394 сайлау учаскесінде дауыс беру белсенді әрі жоғары деңгейде өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен студент жастары азаматтық жауапкершілік танытып, ел болашағына қатысты өз таңдауларын жасауға белсенді қатысты.

Аталған сайлау учаскесінде университет ұжымы ерекше үлгі көрсетті. Бұл күні 100-ден аса профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер ұлттық киім киіп келіп, дауыс берді. Ұлттық киіммен дауыс беру – халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеудің, ұлттық бірегейлікті сақтаудың және қоғамдық-саяси өмірге ұлттық рухпен қатысудың жарқын көрінісі. Мұндай бастама тек азаматтық белсенділікті ғана емес, сонымен қатар жастардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін айқындай түсті.

Референдумға Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Басқарма төрағасы – ректор  Ермек Әбілтайұлы Бөрібаев  қатысып, №394 сайлау учаскесінде өз дауысын берді. Ректор өз сөзінде референдумның мемлекет дамуы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция – ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын, қоғамдағы әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін негізгі құқықтық құжат. Сондықтан мұндай маңызды тарихи сәтте әрбір азаматтың белсенділік танытуы – мемлекет алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.

Сонымен қатар университет ректоры жастардың азаматтық санасын қалыптастыруда мұндай саяси науқандардың маңызы зор екенін атап өтті. Білім ордалары тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге жауапты, белсенді және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Дауыс беру күні университет аумағында ерекше атмосфера қалыптасты. Ұлттық киіммен келген оқытушылар мен студенттер референдум учаскесіне көтеріңкі көңіл күймен келіп, елдің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысты. Бұл көрініс университет ұжымының азаматтық ұстанымы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін айқын көрсетті.

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымы референдумға белсенді қатысу арқылы қоғамдағы маңызды саяси үдерістерге бейжай қарамайтынын көрсетті. Университет ұжымы мен студент жастарының ұлттық киіммен дауыс беруі – ұлттық рухты дәріптеудің және ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің жарқын үлгісі болды.

Осылайша, №394 сайлау учаскесінде өткен дауыс беру тек саяси оқиға ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірлік пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды. Жетісу университетінің ұжымы елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағы үшін өз таңдауын жасап, қоғамға үлгі көрсетті.