Кірістер мен мүлік декларациясы: кімдер тапсыруға міндетті?

Елімізде азаматтардың кірістері мен мүлкін декларациялау жүйесі енгізілді. Бұл тұрғыда Қызылорда облысында декларацияны тапсыру бойынша түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.

Негізінен талапқа сәйкес  бірқатар тұлғалар кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысан) міндетті түрде тапсыруы тиіс. Бұл бірінші кезекте азаматтардың табысы мен активтері туралы ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Осы орайда  бұл талапты орындау кімдерге міндеттеледі деген сұрақ туындауы заңдылық  Бұл жайында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен сұрап көрдік. 

Департаменттің мәліметіне сүйенсек, қолданыстағы талаптарға сәйкес декларацияны тапсыру бірнеше тарап бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ең алдымен мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалар,  олардың жұбайлары тапсырады. Сонымен қатар банктердің, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары мен құрылтайшылары да декларация ұсынуға міндетті. Жеке практикамен айналысатын азаматтар, оның ішінде нотариустар, адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен медиаторларға да өз кірістері мен мүлкі туралы мәлімет беру жүктелген.

Тағы бір айта кететін жайт, декларацияны тек қызметіне байланысты тұлғалар ғана емес, белгілі бір қаржылық операциялар жасаған азаматтар да айналып өте алмайды. Оның ішінде бұл  мүлікті жалға беруден табыс алғандар, шетелдік банк шоттарынан сыйақы алғандар, цифрлық активтермен операциялар жасағандар немесе төлем көзінен салық ұсталмаған басқа да кірістер алған тұлғаларға қатысты.

Сонымен қатар шетелдік банктерде 1000 АЕК-тен асатын қаражаты бар азаматтар, шетелде жылжымайтын мүлік, көлік, бағалы қағаздар немесе компаниялардағы үлесі бар тұлғалар да кірістер мен мүлік туралы декларация ұсынуға міндеттелген.

Осы орайда ерекше айта кететін  тағы бір маңызды талап қарастырылған. Егер азамат есепті жыл ішінде жалпы құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алса, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерде алынған мүлік болса, онда ол да декларация тапсыруы қажет. 

«Негізінен декларацияда азаматтардың жеке табыс салығына жататын кірістері, салық шегерімдері, шетелдегі мүлкі мен банктік шоттарындағы қаражат, бағалы қағаздар, цифрлық активтер және инвестициялық алтын туралы мәліметтер көрсетіледі. Сондай-ақ шетелде орналасқан заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы үлестер мен жеке тұлғаның дебиторлық және кредиторлық берешегі де декларацияда қамтылады. Жалпы, кірістер мен мүлік туралы декларацияны биылғы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей тапсыру қажет. Құжатты тұрғылықты жері бойынша «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталы, e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, сондай-ақ Kaspi.kz, Halyk және Bank CenterCredit банктерінің қосымшалары арқылы онлайн түрде жіберуге болады», - деп түсіндірді бұл жайында департамент басшысының орынбасары Асқар Елеманов. 

Департаменттің дерегіне сәйкес, жаңа Салық кодексінде декларация тапсыратын азаматтардың тізімі кеңейтілген. Соның негізінде енді 8500 АЕК-тен жоғары табыс алған жеке тұлғалар және 230 000 АЕК-тен жоғары дивиденд алған азаматтар да кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыруға міндеттеліп отыр.

Талапқа сәйкес салық органдары декларацияда көрсетілген мәліметтерді салық агенттері мен уәкілетті органдардың деректерімен салыстырып тексеретінін алға тартады. Сондай-ақ салық шегерімдерінің заңдылығы мен жеке табыс салығы бойынша қайтаруға немесе есепке жатқызуға мәлімделген сомалардың дұрыстығы да тексеріледі.

Негізінен кірістер мен мүлік туралы декларация – жеке тұлғаның белгілі бір кезеңдегі табыстары мен иелігіндегі  мүлкі туралы мемлекеттік органдарға беретін ресми мәліметі болып саналады. Декларациялау жүйесі арқылы мемлекет азаматтардың табысын бақылап қана қоймай, заңсыз табыс пен жасырын активтердің алдын алуға мүмкіндік алып отыр. 

«Жалпы, кірістер мен мүлік декларациясы қоғамдағы ашықтық пен сенімді нығайтатын маңызды механизм саналады. Яғни, азаматтар өз табысы мен мүлкін көрсету арқылы заң талаптарын орындап қана қоймай, мемлекет экономикасының дамуына да өз үлесін қоса алады. Сонымен қатар бұл жүйе көлеңкелі ақша айналымын азайтып, қаржылық тәртіпті қалыптастыруға негіз болып тұр. Осы орайда айта кеткен абзал, декларация тапсыруда заң бойынша белгіленген мерзімнен асырмау маңызды. Өйткені уақытында тапсырылмаған немесе толық көрсетілетін мәліметтер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сол себепті әрбір азамат заң талабына сәйкес жауапкершілік жүгін  сезінгені абзал», - дейді Асқар Сейдекәрімұлы.

Жалпы, департамент тарапынан декларация тапсыру тәртібі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жеңілдетілгенін де мәлімдеп отыр. Яғни, жоғарыда айтып өткеніміздей, азаматтар құжатты арнайы жүйелер арқылы электронды форматта немесе салық органдарына барып тапсыруға мүмкіндігі жоғары. Бұл уақытты үнемдеумен қатар, құжаттарды рәсімдеу процесін жеңілдетуге де сеп болып тұрғанын айтады. 

Ең бастысы, әр мәліметтің толық, әрі, шынайы болуы жоғары маңызға ие. Өз кезегінде жалған ақпарат беру немесе декларацияны уақытында тапсырмау заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін де ескертеді.  

Жалпы, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыру – әрбір азаматтың заң алдындағы міндеті ретінде қарастырылып отыр. Осы арқылы бірінші кезекте қоғамдағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге жол ашады деген сенім зор. Сонымен қатар бұл өз кезегінде салық жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне және экономиканың ашықтығын арттыруға септігін тигізеді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы