Жалпыхалықтық коалиция мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары ірі сауда желілерінің өкілдері және ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституциядағы елеулі өзгерістерді талқыға салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жиынға жалпыхалықтық коалиция мүшесі Мария Утебаева, Мәжіліс депутаты, "AMANAT" фракциясының мүшесі, заң ғылымдарының докторы Марат Башимов пен профессор Венера Жексенбекова қатысты. Шараны ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ашып, жалпыхалықтық коалиция мүшелеріне елдегі маңызды құжатты сауда саласының өкілдерімен ашық талқылауға келгендеріне алғыс білдірді.
«Біздің елімізде ашық әрі жетілген қоғам қалыптасты. Ұзақ уақыт бойы қоғамда жаңа Конституция жобасы талқыланып келеді. Бүгін біз референдум қарсаңында осы құжатты ашық әрі сындарлы түрде талқылап отырмыз. Алдағы жексенбіде әр қазақстандық азаматтық жауапкершілік танытып, өз ұстанымын білдіруі керек. Жаңа Конституция – бұл халқымыздың құқықтық коды», – деді министр.
Мәжіліс депутаты Марат Башимов жаңа Конституциядағы Президенттің жеті жылдық бір ғана мезгілге сайлануына тоқталды. Кешегі өткен депутаттар форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл сауалға ерекше тоқталды.
«Қазіргі әлеуметтік желі дамыған заманда адамды қаралау оңай іске айналды. Жаңа Конституция жобасында әр азаматтың ар-намысын, қадір-қасиетін ерекше қорғау көзделген», – деді Марат Башимов.
«Біз осы уақыт аралығында жай құжатты талқылап келген жоқпыз. Халық, билік, қоғам өкілдері осы уақыт аралығында ел үшін маңызды саяси құжат жобасын талқылап келеміз. Санаулы күн ғана қалды. 15 наурыз – әрбір қазақстандық үшін маңызды, тарихи күн болмақ», – деді профессор Венера Жексенбекова.
Жиын барысында сауда саласының өкілдері мен министрлік қызметкерлері жалпыхалықтық коалиция мүшелеріне өздерін толғандырған сұрақтарын жолдады. Жиналғандар азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғауда қандай өзгерістер болатынын, конституциялық реформадан қандай әлеуметтік-экономикалық өзгеріс күтілетінін, жаңа Конституция жобасын даярлауда қандай халықаралық тәжірибе қолданылғаны, осы реформа аясында мемлекеттік қызмет саласында болатын өзгерістер туралы сауал қойып, ашық диалог орнатты.