Депутат Снежанна Имашева жаңа қызметке тағайындалды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мемлекет басшысының өкімімен Снежанна Валерьевна Имашева Қазақстан Республикасындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары болып тағайындалды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Снежанна Имашева 1981 жылғы 20 сәуірде Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2001 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2001 жылы "Тұран Әлем Банкі" АҚ Аксай филиалының бөлшек несие бойынша маманы болып бастаған. Кейін нотариустың көмекшісі, юрисконсульт және әртүрлі компанияларда сату қызметінің басшысы қызметтерін атқарған.

2011-2016 жылдары "Батыс Энергоресурсы" ЖШС директоры болып жұмыс істеген.

2016 жылы "Нұр Отан" партиясы атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты болып сайланған. Сол кезеңде Заңнама және сот-құқық реформасы комитетінің мүшесі болды.

2021 жылы VII шақырылымға қайта сайланып, сол комитеттің хатшысы қызметін атқарған, ал 2023 жылдан бастап оның төрағасы болды.

Саяси кеңестің мүшесі, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары комиссиясының құрамында жұмыс істейді.

2023 жылғы 28 наурыздан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі.