Құқық қорғау органдары азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырады

Ішкі істер министрлігі 15 наурызда өтетін референдум қарсаңында барша азаматқа үндеу жасады. Мұндай маңызды кезеңде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған ақпараттар мен әдейі таратылатын арандату хабарламалары жиі кездесіп жатады. Олардың мақсаты – қоғамды адастыру және жағдайды тұрақсыздандыру.

Ішкі істер министрлігі референдум қарсаңында азаматтарға үндеу жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дамуына байланысты жалған контент жасау бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Қысқа уақытта шындыққа ұқсас, бірақ адамдарды жаңылыстыратын жалған материалдар таралуы мүмкін.

Еске саламыз: көрінеу жалған ақпарат тарату – заңбұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған.

Азаматтарды заң талаптарын сақтауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға, ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырамыз.

Күмәнді хабарламаларды көрсеңіздер – оны әрі қарай жібермеңіздер. Жалған ақпарат көбіне дәл осылай таралады.

Ішкі істер министрлігі референдум кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті толық қамтамасыз етеді. Жалған ақпарат тарату және арандатушылық әрекеттер жедел анықталып, ден қойылып, заң аясында қатаң қаралады.

Сондықтан тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.