Ақмола облысында пойыз теміржолға шығып кеткен бір үйір жылқыны қағып кетті

Көліктегі полицияның мәліметінше, Ерейментау – Алтынтау бағыты бойынша келе жатқан жүк пойызының машинисі теміржол үстінде жүрген үй жануарларын байқап, шұғыл тежеу қолдануға мәжбүр болған.

Ақмола облысында теміржолға шығып кеткен бір үйір жылқыны жүк пойызы қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Көліктегі полицияның мәліметінше, Ерейментау – Алтынтау бағыты бойынша келе жатқан жүк пойызының машинисі теміржол үстінде жүрген үй жануарларын байқап, шұғыл тежеу қолдануға мәжбүр болған.

Алайда соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған. Соның салдарынан пойыз бір үйір жылқыны, оның ішінде 11 жылқыны қағып кеткен. Оқиғаға байланысты пойызды 23 минутқа жоспардан тыс тоқтауға мәжбүр болды.

Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, жедел-іздестіру шаралары барысында жылқыларды баққан шаруа қожалығының 35 жастағы бақташысы анықталды. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда пойыздардың 234 рет шұғыл тежелу фактісі тіркелген. Оның 61-і теміржолда адамдардың болуына, ал 167-сі ауыл шаруашылығы жануарларының жолға шығуына байланысты болған.