Жәнібек Әлімханұлы: «Біз әлі әлем чемпионымыз»

Боксшы әлеуметтік желідегі жазбасында алдағы уақытта рингке қайта оралатынын айтты.

«Қазақ стилі» лақап атымен танымал қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF титулынан айырылғанымен, WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағы өзінде қалғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Боксшы әлеуметтік желідегі жазбасында алдағы уақытта рингке қайта оралатынын айтты.

– Қалай болғанда да, мен қазір WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын. Бір титул сақталды. Бұйырса, 8 айдан кейін рингке шығамын. Үлкен жорық жалғасады. Біз әлі аяқтаған жоқпыз, бәрі енді басталатын сияқты, – деді ол.

Жәнібек кәсіби бокс кейбіреулер үшін бизнес болса да, өзі спорт пен ұлттық рухты алға қоятынын жеткізді.

Сонымен қатар ол допингке қарсы екенін тағы бір мәрте атап өтті.

– Өткен нәрсе өтті. Ең бастысы – ел менің қандай боксшы екенімді біледі. Біз әлі әлем чемпионымыз. Алда талай жекпе-жек бар. Қолдауларыңызға рақмет, – деп жазды боксшы.

Айта кетейік, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының титулынан айырылуына байланысты Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті де мәлімдеме жасаған еді.