ChatGPT-дің көмегімен ипотеканы 47 секундта рәсімдеуге болады

Онлайн-ипотека беретін Better компаниясы ChatGPT-ді қолданатын болды. Бұл құрал ипотекалық өтінімді қарау уақытын шамамен 21 күннен 47 секундқа дейін қысқартады.

Aikyn.kz ипотека беруді рекордтық дәрежеге қысқарту моделін CNBC-дің хабарламасына сүйеніп талдайды.

CNBC-дің эксклюзив мәліметінше, Better компаниясы OpenAI-мен серіктестік келісімге келіп, ChatGPT-ді қолданып ипотеканы немесе тұрғын үй кепілімен несие рәсімдеуге кететін уақытты едәуір қысқартатын қосымшаны іске қосты. Better CEO-сы Вишал Гарг бұл өнім андеррайтинг процесін жеделдететінін айтады. Банк, ипотекалық брокер және финтех қызметкерлері үшін тексеру жұмыстары әлдеқайда жылдам орындалады.

OpenAI-дың коммерциялық директоры Джанкарло Лионети CNBC-ге берген мәлімдемесінде: «Көпшілігіміз жеке бастан өткерген ипотекалық андеррайтингті 21 күннен 47 секундқа дейін , ChatGPT-дің көмегімен жеңілдету бәріміз үшін үлкен серпіліс», – дейді.

Ол сондай-ақ OpenAI бұл әріптестік арқылы «ипотека индустриясын өзгертіп, америкалық отбасыларға үй сатып алуды арзанырақ, жылдамырақ, жеңілірек ететін технология жасауға» үлес қосатынын жариялады.

Ондаған жылдар бойы ипотека рәсімдеу АҚШ қаржы жүйесіндегі ең ұзақ үдерістердің бірі болып келді. Көптеген қадамдар аптаға созылатын. 2008 жылғы дағдарыстан кейін JPMorgan Chase сияқты ірі банктер ипотека нарығынан біршама шегініп, олардың орнын Rocket пен UWM секілді банктік емес ойыншылар баса бастады.

Жаңалық шыққаннан кейін Better акциялары 5%-ға дейін көтерілсе, Rocket Mortgage акциялары 6% төмендеді, ал UWM акциялары шамамен 4% құлдырады.

ЖИ компаниялары корпоративтік тиімсіздікті азайтуға ұмтылып жатқан кезде, ЖИ-агенттер АҚШ-тағы жылдық көлемі 1 трлн доллардан асатын ипотекалық нарықты түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Вишал Гарг жаңа қосымшаны Better стратегиясының бір бөлігі деп сипаттайды. Компания тұтынушыға тікелей несие беруден гөрі, нарық қатысушыларына арналған «ипотека – қызмет ретінде» (mortgage-as-a-service) технологиялық платформасына айналуды көздейді. Оның айтуынша, жүйе ондаған бақылау нүктелерін қатар өңдейді. Оның ішінде бағалау, меншік құқығы есебі, табыс деректері, кредит есебі және өзге де көрсеткіштер бар.

«Енді ипотекамен жасанды интеллект айналысады», – дейді Вишал Гарг.

Ол Rocket, UWM, Pennymac сияқты ірі компаниялар ипотека берудің өзінен «шамамен 1,5% алым» сияқты пайда көретінін айтады. Бұл жыл сайын америкалықтар төлейтін орташа 20 млрд долларға тең.

Гаргтың сөзінше, бұл – жай ғана «бір құралды қолдану» емес. Бұл модельде бірнеше құрал қатар іске қосылып, ұзын логикалық тармақпен жұмыс істейді, контекст үлкен көлемде өңделеді.