«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция мүшелері Гүлнафис Танбаева, Айбар Ерекешов, Рафик Сәрсенов, Абылай Құрметұлы Атырау қалалық №7 емханасы ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты referendum2026.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасындағы денсаулық сақтау саласына қатысты өзгерістер түсіндірілді. Негізгі назар – азаматтардың тегін медициналық көмек алу құқығы мен денсаулығын қорғауға кепілдік беруге аударылды.
«Жобаға сәйкес, мемлекеттің ең жоғары құндылықтары – адам және оның өмірі. Әр азамат заңмен белгіленген көлемде медициналық көмек алуға құқылы. Бұл медициналық қызметті жай ғана қызмет емес, мемлекеттің халық алдындағы нақты конституциялық міндеті ретінде бекітеді», – деді Гүлнафис Танбаева.
Сонымен қатар 27-бап медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайларын қорғауға ерекше мән береді. Бұл бап бойынша дәрігерлер мен медбикелер қауіпсіз әрі санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес жұмыс істеу құқығына ие. Конституция бұл норманы бекіту арқылы мемлекет пен жұмыс берушілерге медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау, кәсіби тәуекелдерді азайту және ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге нақты заңдық міндет жүктейді.
Емхана ұжымы жаңа Конституция жобасындағы нормаларды қолдайтындарын айтып, денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бастамалардың жүзеге асуына сенім артатынын жеткізді. Жобадағы өзгерістер медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттырумен қатар, әр азаматтың сапалы медициналық көмекке тең қол жеткізу құқығын қамтамасыз етеді.