Пентагонның тағы бір соғыс нысанасы – Anthropic

АҚШ пен Қытай арасындағы ЖИ бәсекесі көбіне технологиялық жаңалықтар немесе саяси шоу ретінде көрінеді. Бірақ Anthropic пен АҚШ Қорғаныс министрлігі (Пентагон) арасындағы қазіргі даудың салмағы әлдеқайда ауыр.

Aikyn.kz жасанды интеллект саласында туған тағы бір даулы мәселенің себебін Quartz сайтының материалына сүйеніп талдайды.

Соңғы апталарда сарапшыларды Ақ үй өз елінің ЖИ компанияларын «жазалай» бастаса, Америка Қытаймен ЖИ жарысында қалай жеңбек деген сұрақ мазалай бастады.

Anthropic компаниясы автономды қару және жаппай ішкі бақылауға қатысты ұстанымынан бас тартпағаннан кейін, Пентагон оны «жеткізу тізбегіне қауіпті» (supply chain threat) деген санатқа енгізгені айтылады. Anthropic бұндай белгілеу «бұрын-соңды америкалық компанияға қолданылмағанын» атап өтті. Қорғаныс министрі Пит Хегсет бұл мәртебе мемлекеттік мердігерлердің бәріне Anthropic технологиясын пайдалануды тоқтатуды міндеттейтінін мәлімдеді.

Бұл шешім Anthropic үшін Пентагонмен ғана емес, сонымен бірге америкалық нарықтағы басқа компаниялармен де қарым-қатынасына әсер ету қаупі бар. Anthropic-тің нарықтық бағасы 380 млрд доллар, жылдық табысы 20 млрд долларға жуық. Бұның бәрі мемлекеттік органның шешіммен «құлатылуы» ықтимал.

Anthropic бас директоры Дарио Амодей даудың түбінде тек қауіпсіздік талаптары емес, «саяси қарым-қатынастар» да тұрғанын меңзеген. Компания Трампқа қаржылай қолдау көрсетпеді, «диктаторлық мадақ» айтпады және азаматтарды жаппай бақылауға қарсы болды. Енді компанияның инвесторлары «айналма жол» іздеп жатқанға ұқсайды. Мысалы, Амодей Amazon басшысы Энди Джассимен сөйлесіп, Amazon-ның билікпен байланыстарын пайдаланып, ресми түрде «қауіп» мәртебесін алып тастағысы келетін сияқты. Ұзақмерзімді мақсат – IPO-ға шығу мүмкіндіктерін сақтау.

АҚШ-тың ЖИ саласындағы артықшылығы – капитал нарықтарының әлеуеті мен «ережеге негізделген», болжамды құқықтық ортасы. Сондықтан инвесторлар Сан-Францисконы Бейжіңнен гөрі көбірек таңдайды. Өйткені АҚШ-та инвестициялар заңдармен жақсы қорғалған, инвестицияның елге «кіру мен шығу» механизмдері ашық.

Ал егер үкімет мемлекеттік сатып алуды саяси жазалау құралына айналдырса, онда америкалық ЖИ-ге қатысты тәуекелдер Қытайдағыдай өсе бастайды. Бұл – ірі капиталдың АҚШ-қа ағымын әлсіретіп, алдыңғы қатарлы ЖИ зерттеулерін қаржыландыруды қиындатады.

Бұл жерде мәселе тек Claude пен ChatGPT бәсекесінде емес. Мәселе – АҚШ-тың ЖИ саласына әлем елдерінен келіп жатқан жүздеген миллиард доллардың ағынын бөгемеу. Бұндай орасан зор капиталдың табиғаты мынандай: мол капитал «ережесі тұрақты, кіру және шығу жолы қауіпсіз» жерге ғана барады.