Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирін жеңіспен бастады

Үш сетке созылған тартысты матчта Рыбакина 7:6, 2:6, 6:2 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Қазақстанның бірінші, әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-та өтіп жатқан Индиан-Уэллс турнирін сәтті бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қазақстандық теннисші жарысты екінші айналымнан бастап, осы кезеңде америкалық Хейли Баптистпен (WTA рейтингінде 43-орын) кездесті. Үш сетке созылған тартысты матчта Рыбакина 7:6, 2:6, 6:2 есебімен жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Елена үшінші айналымда әлемнің 28-ракеткасы, украиналық Марта Костюкпен кездеседі.

Айта кетейік, Рыбакина 2023 жылы Индиан-Уэллс турнирінің чемпионы атанған. Ал 2025 жылы қазақстандық теннисші 1/8 финалға дейін жетіп, кейін жарыс жеңімпазы болған ресейлік Мирра Андрееваға (8-орын) жол берген еді.

Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 9 415 725 долларды құрайды. Жеңімпаз 1 511 380 доллар сыйақы алып, 1000 рейтингтік ұпайға ие болады.