Жалпыұлттық коалиция өкілдері референдум аясында Астана қаласындағы №115 «Келешек мектеп» ұжымымен кездесу өткізді. Жиын барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары кеңінен түсіндіріліп, ұсынылып отырған өзгерістердің қоғам дамуына, ел болашағына және жас ұрпақ тәрбиесіне ықпалы жан-жақты талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
№115 «Келешек мектеп» – заманауи технологиялармен, пәндік зертханалармен және STEM кабинеттерімен жабдықталған білім ордасы. Мұнда инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Оқушылар инклюзивті роботтар құрастыру, жасанды интеллект негізіндегі цифрлық жобаларға қатысу арқылы заманауи дағдыларды меңгеруде. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасақталып, дефектолог пен психолог мамандар қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мектепте бірнеше спортзалы мен шығармашылық үйірмелер жұмыс істейді.
Кездесу барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманалиев қазіргі заман талаптарына сай құқықтық жаңғырудың маңыздылығына тоқталып, 90-жылдардан бергі қоғам өміріндегі өзгерістерді атап өтті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн алады, қаржылық операцияларды цифрлық форматта жүзеге асырады, білім мен ақпаратқа еркін қол жеткізеді. Осындай қарқынды өзгерістер жаңа құқықтық нормаларды талап ететінін жеткізді.
«Мемлекет Конституция арқылы әр азаматтың цифрлық қауіпсіздігіне, жеке деректерінің қорғалуына және ақпараттық кеңістіктегі құқықтарының сақталуына кепілдік береді. Бұл – азаматтардың құқығын жаңа дәуір талаптарына сай қорғау», – деді ол.
Сонымен қатар қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін нығайту, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау бағытындағы стратегиялық қадамдардың маңыздылығын атап өтті. Жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін құқықтық тұрғыдан бекітетін құжат екені айтылды. Кездесу барысында ұстаздар қауымын алда келе жатқан Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған "Елорда" ақпарат медиа холдингінің директоры Олжас Сыдықбек ұлттық құндылықтың қоғам өміріндегі рөліне тоқталды.
«Қазақ халқы ежелден үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұстазды қадірлеген халық. Осындай рухани құндылықтар қоғамның тұтастығы мен беріктігінің негізі. Бүгінгі жаһандық өзгерістер кезеңінде ішкі тұрақтылық пен бейбітшіліктің маңызы арта түсті», – деді ол.
Спикердің айтуынша, әр дәуірдің өз Конституциясы болады. Қазіргі цифрландыру, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік секілді жаңа бағыттар негізгі заңда көрініс табуы тиіс. Бұл – уақыт талабы әрі болашақ алдындағы жауапкершілік.
Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Павел Казанцев жаңа Конституция қабылдаудың тарихи алғышарттарына тоқталды.
Оның айтуынша, 1995 жылғы Конституция елдің әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алу мақсатына негізделген болатын. Бүгінде бұл мақсат орындалды: Қазақстан халықаралық деңгейде мойындалған, саяси және экономикалық тұрғыдан қалыптасқан мемлекетке айналды. Жаңа редакция негізгі құқықтар мен кепілдіктерді сақтай отырып, оларды заман талабына сай толықтыруды көздейді. Цифрландыру, киберқауіпсіздік, заманауи технологиялар – барлығы да негізгі заңда ескерілуі тиіс.
Спикер мемлекет те уақытпен бірге дамуы қажет екенін атап өтіп, жаңа преамбула Қазақстанның жетістігін айқындап, болашаққа бағытталған ұстанымын бекітетінін жеткізді. Кездесу соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын ашық әрі мазмұнды форматта өтті.