Дүкен сөрелерінде отандық өнімге 30% орын бөлу талабы бекітілсе де, олар мүлдем көрінбейді – Аманжол Әлтай

Офлайн және онлайн саудада сөрелер мен тауар карточкаларына «Қазақстанда өндірілген» деген бірыңғай міндетті белгілеуді енгізу қажет.

ҚР Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Мәжіліс отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке ішкі сауда нарығын қорғау және дамыту туралы депутаттық сауал жолдады, –  деп хабарлайды Aikyn.kz

Депутат әлі күнге дейін отандық өндірушілер сауда желілерінің есігінен сығалап, өгейдің күнін кешіп жүргенін сөз етті.

– Үкіметтен қомақты субсидия алып отырса да майлы жіліктің басын мүжіп, мұрты майланып отырған ірі сауда желілерінің  шетелдік азық-түлік өнімдерін төрге шығарып, отандық өнімдерге қырын қарауын, қалай түсінуге болады? Қолданыстағы заңнамада сауданың барлық форматтарында отандық өнімге сөрелерде кемінде 30% орын бөлу талабы бекітілді, сондай-ақ сауда желілерін субсидиялау арқылы бұл үлесті 50%-ға дейін арттыру тетігі көзделген. Алайда іс жүзінде кез келген сауда нүктесіне кірсеңіз, шынайы көрсеткіш мүлдем басқаша.

Қазір қазақстандық көптеген өндірушілер ірі азық-түлік сауда желілеріне кіре алмай отыр, ал кірген күннің өзінде олардың өнімдері төменгі сөрелерге орналастырылып, импорттық тауарлар ең көзге көрінетін аймақтарға қойылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды «ұятты ахуал» деп бағалады. Осыған байланысты мәселе тек бақылауды күшейтумен шектелмей, отандық өнімге нақты басымдық беретін «өнімдік патриотизм» жөніндегі кешенді мемлекеттік тұжырымдаманы әзірлеуді талап етеді.

Өнімдік патриотизм – отандық тауарға нақты басымдық беретін жүйе: сатып алу мен сауда қағидалары әділ болуы, тұтынушы отандық өнімді оңай танып таңдай алуы, ал өндірушілерді бәсекеге шығаратын қолдау тетіктері жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан басымдық мемлекеттік сатып алумен шектелмей, ұлттық компаниялар, квазимемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындардың сатып алуында да қолданылуға тиіс, – дейді Аманжол Әлтай.

Оның айтуынша, импортты алмастыру шетелден тасымалды азайтып, көлік шығарындысын төмендетеді. Бұл тұрақты даму мақсаттарына толық сай келеді; Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігі, ішкі өндірісті дамыту және климаттық жауапкершіліктің өзара тығыз байланысын бірнеше рет атап өткен.

– Осыған байланысты сауда форматтары мен негізгі тауар санаттары бойынша деректерге сүйене отырып, отандық дайын өнімнің сөрелерге шығуын күшейтуге бағытталған нақты бағдарламаны әзірлеу керек. Аталған бағдарлама шеңберінде өндірушілерді сауда желілерімен және маркетплейстермен жұмыс істеуге үйрету, әлеуметтік маңызы бар тауарлар үшін маркетинг пен қаптаманы қаржылай қолдау, сондай-ақ сауда желілеріне кірудегі ретробонус сияқты талаптарды шектеу және отандық тауарларды төменгі сөрелерге ығыстыру секілді кедергілерді қысқарту мәселелерін қарастыру орынды. 

Екіншіден, қазақстандық тауарларды визуалды түрде ең тиімді аймақта орналастыру талаптарын енгізу қажет. Атап айтқанда, отандық өндірушілердің тауарлары сөрелерде еден деңгейінен 70-160 см биіктіктегі, яғни «ең жоғары көрінетін аймақта» міндетті түрде ұсынылуы және оларды жүйелі түрде жоғары немесе төменгі қатарларға, сондай-ақ сауда залының өтуі аз аймақтарына ығыстыруға жол берілмеуі тиіс.

Үшіншіден, офлайн және онлайн саудада сөрелер мен тауар карточкаларына «Қазақстанда өндірілген» деген бірыңғай міндетті белгілеуді енгізу қажет: бұл тұтынушыға отандық өнімді бірден танып, саналы таңдау жасауға көмектеседі. 

Төртіншіден, онлайн азық-түлік маркетплейстерде импорттық тауар таңдалса, іздеу мен ұсынымда отандық баламаны міндетті түрде көрсету тәртібін нормативтік деңгейде бекіту қажет. Ал импорт басым санаттар, сұраныс динамикасы, тапшылық және ең өтімді позициялар туралы нарықтық аналитиканы Министрлік өзі жүйелі түрде қалыптастырып, отандық өндірушілерге қолжетімді етуге тиіс, өйткені қазір кәсіпкерлер бұл ақпаратты көбіне жеке аналитикадан ақылы түрде алуға мәжбүр. Бұл – цифрландыру мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, мемлекеттік деректерді нақты импортты алмастыруға жұмыс істетудің тиімді тетігі, – дейді Аманжол Әлтай.