Ұлттық ұландағы электронды тестілеу психологтер жұмысын жеңілдетті

Жоба мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді алғашқы тестілеуден өткізуді жақсартуға бағытталған.

Елордалық ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде жас сарбаздарды психологиялық сүйемелдеудің цифрлық модулі енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Жүйе бөлімнің ішкі порталында жұмыс істейді және әскерге шақырылушылар келгеннен кейінгі алғашқы үш күнде қолданылады. Ол үшін жергілікті желіге қосылған 12 автоматтандырылған жұмыс орны жабдықталған.

Сандық портал мен әдістемелердің электронды нұсқаларын мерзімді қызмет сарбазы қатардағы Ким Хён У (https://t.me/qr_iim_uu/2299) аға офицерлердің басшылығымен жасады.

Үш әдісті автоматтандыру жобасы алты айда мамандардың 500 жұмыс сағатын үнемдеуге мүмкіндік берді. 

Енді тестілеуден өткеннен кейін жүйе ықтимал тәуекелдерді қысқаша талдаумен және бағалаумен әрбір әскери қызметшіге автоматты түрде психологиялық сипаттаманы құрастырады.

Психологиялық қамтамасыз ету қызметінің бастығы, подполковник Жанар Шакаева атап өткендей, бұл мамандардың жұмысын едәуір жеңілдетеді және жас толықтырумен жеке қарым-қатынас жасауға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

Бұл жүйе шақыру науқанындағы қажеттіліктерді толығымен жаба отырып, тәулігіне 100 адамға дейін өңдеу-тестілеу жүргізуге қабілетті.

Қазір жоба елордалық жедел құрамада сынақтан өтуде. Тиімділігі расталған жағдайда цифрлық шешімді құқықтық тәртіп әскерінің барлық әскери бөлімдеріне енгізу жоспарланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.