Астана әуежайы халықаралық рейстер кестесіне өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін хабарлады

Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, түзетулер Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттердегі ахуалдың өзгеруіне байланысты енгізіліп отыр.

Астана халықаралық әуежайы Таяу Шығыс елдеріне және сол елдер арқылы өтетін кейбір халықаралық рейстердің кестесінде өзгерістер болуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, түзетулер Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттердегі ахуалдың өзгеруіне байланысты енгізіліп отыр. Жолаушыларға рейске шығудан бұрын өз әуе компанияларынан рейстің нақты мәртебесін тексеру ұсынылады.

Әуежай басшылығы әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста екенін, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қолайсыздықтарды барынша азайту үшін жағдайды бақылауда ұстағанын атап өтті.

Сондай-ақ, бүгінгі күнге дейін Air Astana компаниясы Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты 735 жолаушыны қонақүйге орналастырғаны белгілі болды.