Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс салдарынан зардап шеккен бес адам кеше кешке санитарлық авиация арқылы Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олардың арасында ерлі-зайыпты жұп пен 20 жастағы бойжеткен бар. Екі науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Бірінің тыныс алу жолдары қатты зақымданған болса, екіншісінің денесінің 35 пайызын күйік шалған. Қазіргі уақытта екеуі де жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың өміріне тікелей қауіп жоқ. Бірақ толық сауығу үшін шамамен екі ай уақыт қажет болады.
Еске сала кетейік, 26 ақпан күні Щучинскідегі дәмханада болған жарылыс салдарынан 7 адам қаза тауып, 21 адам жарақат алған еді.