Астанада қызмет барысында қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел марқұм жұбайына арнап әсерлі жазба жариялады, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол жазбасында жұбайына деген сағынышын жеткізді. Сонымен қатар әйелі өміріне шуақ беріп, тірек болғанын айтты.
"100 күн... Түсімде сені дәл осылай құшақтаймын... Біз бұлттардың үстінде тұрғандаймыз, сен аппақ киімдесің, жап-жарық, тыныш. Маған қолыңды созасың, мен оны ұстаймын. Сол кезде бәрі қайтадан өз орнына келгендей болады. Жаным жай тауып, жүрегім тынышталады. Сен қасымдасың. Бірақ кейін оянамын… Сенің жоқ екеніңді түсінемін. Ондай сәттерде көзімді ашқым келмейді. Өйткені түсімде сен менімен біргесің, ал шынайы өмірде сенің орның ойсырап қалды. Адамдар "Сені түсінемін" дейді, "Бәрі алда" дейді… Бірақ менің "алдағы өмірім" сен едің. Барлық арманым сенен басталатын. Болашағымызды бірге елестететінмін. Сен менің өмірімнің жарығы едің. Сен менің тірегім, күшім, қорғаным едің. "Әр ер адамның артында оның әйелі тұрады" дейді ғой… Ал менің артымда қазір үнсіздік. Бірақ сенің махаббатың мені әлі де ұстап тұр деп сенемін. Мен сені сағындым… Мен сені жақсы көремін…" – деп жазды ол.
Желі қолданушылары оны жұбатып, пікір жазып жатыр.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың 18 қарашасында Ұлдана Мырзуан қызмет барысында жарақат алып, ауруханада көз жұмды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.