Нұржан Әшімбетов: Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің санын емес, сапасын арттыру қажет

Бүгінде елімізде шамамен 2 400-2500 ауылшаруашылық кооперативі тіркелген. 

Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетовтің төрағалығымен Аграрлық сектор мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің отырысы өтті. Жиында ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту мәселесі қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кеңес отырысында өңірлердегі ауыл шаруашылығы кооперациясының қазіргі жағдайы мен даму динамикасы, кооперативтерге мемлекеттік колдау шаралары, саладағы өзекті мәселелер, кооперативтердің ауылды дамыту бағдарламаларын іске асыруға қатысуы талқыланып, нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.

Бүгінде елімізде шамамен 2 400-2500 ауылшаруашылық кооперативі тіркелген. Ал қауымдастықтар саны бойынша Қазақстан әлемде 5-орын алады. Алайда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының ауыл шаруашылығы саласы жөніндегі Республикалық кеңесінің төрағасы Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, олардың көбі іс жүзінде жұмыс істеп тұрған жоқ.

Саладағы негізгі түйткілдер – қаржы тапшылығы, материалдық-техникалық базаның әлсіздігі және кооперативтерді құру мәселесіне атүсті қарау. Осыған байланысты кеңеске қатысушылар бірауыздан мынадай байламға келді: басты назар кооперативтердің санын көбейтуге емес, нақты жұмыс істеп тұрған құрылымдарды қолдауға аударылуы тиіс. Нақты  айтқанда, нысаналы қаржылай көмек көрсету, субсидия бөлу, жеңілдіктер ұсыну және техникалық базаны жаңғырту өте маңызды.

Нұржан Әшімбетов кооперация мәселесін соңғы жарты жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі рет көтергенін еске салды. 

«Күзде ауыл әкімдерімен болған кездесуде Президент кооперация саласы кенжелеп тұрғанын ашық айтты. Көптеген бірлестіктер тек қағаз жүзінде ғана құрылған, іс жүзінде еш қызмет атқармайды. Осы мәселені шешу қажет», – деп атап өтті депутат.

Нұржан Әшімбетов Мемлекет басшысы кооперацияны дамыту жұмысын жандандырып, бұл іске «Ауыл аманаты» бағдарламасын тартуды тапсырғанын атап өтті.

Сондай-ақ ақпан айының басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент саланы реформалау қажеттігін тағы бір еске салды.

«Жұмыстың қарқыны жеткіліксіз екені айтылды. Заңнамаға өзгерістер енгізіп, 1 қыркүйекке дейін заңды жаңа редакцияда қабылдау қажет», – деді Нұржан Әшімбетов.

Ауыл шаруашылығы   вице-министрі Азат Сұлтанов өз кезегінде аграрлық кәсіпорындар соңғы бес жылда ауқымды өсім көрсеткенін мәлімдеді.

«Соңғы бес жылда аграрлық сала негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсімге қол жеткізді. Ұсынылған деректерге сәйкес, 2019-2024 жылдар аралығында өндіріс көлемі, шаруашылықтар саны және ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы едәуір артқан. Кәсіпорындар саны 2 840-тан 4 465-ке дейін көбейді. Ал ақшалай мәндегі өндіріс көлемі 22,3 миллиард теңгеден 83,2 миллиард теңгеге дейін өсіп, 3,7 есеге ұлғайды. Табиғи көрсеткіштер де айтарлықтай серпін бар екенін аңғартады: 150 мың тоннадан 520 мың тоннаға дейін артты», – деді ведомство өкілі.

Отырыс қорытындысы бойынша, кооперативтердің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға, олардың ауылдық жерлерді дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлін арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірленді.