Айзат Жұманованың ісі: сот 14 жылдық үкімді өзгеріссіз қалдырды

Жетісу облыстық сотының алқасы бірінші инстанция тағайындаған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды.

Талдықорғанда 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық сот шешім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жетісу облыстық сотының алқасы бірінші инстанция тағайындаған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өзгеріссіз қалдырды.

Жәбірленуші тарап айыпты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қайта саралауды сұраса, қорғаушы тарап жазаны жеңілдетіп, істі 106-бапқа ауыстыруды ұсынған. Бірақ сот апелляциялық сатыда іс тек тағылған айып шеңберінде қаралатынын атап өтті.

Сот алқасы іс материалдары 99-бап талаптарына толық сәйкес келеді деген қорытындыға келді. Осы бап бойынша 7 жылдан 15 жылға дейін жаза қарастырылған. Айыпталушының бұрын сотталмағаны ескерілгенімен, 14 жылдық жаза өзгеріссіз қалдырылды. Сондай-ақ моральдық өтемақы өндіру туралы шешім де күшінде қалды.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың маусымында Жетісу облысы Ақсу ауданында болған. Марқұмның күйеуі Айбар Жанболат күдікті ретінде ұсталып, қамауға алынған.