Мәселен, Аустралия 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу туралы заңды бекітсе, Еуропаның бірқатар елінде 15-16 жасқа дейін шектеу енгізу бастамалары талқылануда. Түркия, Испания, Словения, Франция секілді мемлекеттер де осы бағытта заңнамалық қадамдарды қарастырды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі бұған дейін балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеуге бағытталған заң жобасы 2026 жылдың соңына дейін Парламент талқылауына шығарылуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Қазір негізгі назар 16 жасқа толмаған қолданушыларға жаңа аккаунт ашуға шектеу қою мәселесіне аударылып отыр. Бұл ретте жас мөлшерін растау тетігі енгізілуі ықтимал.
Әлеуметтік желінің басты валютасы – адам эмоциясы. Мұнда назар қайда болса, жарнама да сонда ұмтылады. Сондықтан экранға шыққан ақпарат кездейсоқ емес. Өйткені қай дүниеге көбірек көңіліңіз ауса, таспаңызда сол жайындағы контент жайлайды. Мұндағы контенттің көбі сезімге құрылған. Қысқа, жылдам видеолар ойлануға уақыт бермейді. Оның кері әсері көп қаралым жинаған дүниенің оқырманға да «дұрыс» болып көріне бастауында. Себебі тобыр көбіне тексермей, трендке еріп кетеді. Ал бұл – ақпаратты сұрыптай алмайтын жас аудитория үшін манипуляцияға ең қолайлы орта.
Басында мұндай тәсілдер тек жарнама үшін қолданылды. Адамның назарын аудару, көбірек қаралым жинау басты мақсат болды. Бірақ уақыт өте келе осы әдіс саясатта да, қоғамдағы түрлі пікірталаста да, тіпті мәдени ортада да кеңінен пайдаланыла бастады.
Тәуелсіз сарапшы Данияр Әшімбаев бұл тенденцияның экономикалық құбылыстарға да кері әсер етіп жатқанын айтты. Сарапшы бұл тұрғыдан алғанда өткен ғасырдың футурологтары жаңылыс болжам жасағанына назар аудартып отыр. Оның долбарына сүйенсек, адамзат XXI ғасырдың екінші ширегіне аяқ басқанымен, өткен 25 жыл уақытта «бәрі үйлесім тауып, ақыл мен гуманизм үстем болады» деген болжамдардың бос сөз болып шыққанын анық көрсетті.
«Технология көбіне қызмет көрсету мен көңіл көтеруге жұмыс істейді. Бірақ ол салалардың өзінде де баяғы азық-түлік пен тірі адам керек. Қазіргі технология адамға орасан көп ақпарат береді. Шын мәнінде, оның басым бөлігі қажет те емес. Енді сол ақпаратты өңдейтін тағы бір технология пайда болды», – дейді ол.
Маман пікірінше, бір ірі қаланы бір жыл асырауға жететін қор бүгінде қысқа видеолар түсіруге немесе мектеп шығармасын жазуға жұмсалуда. Адамзат біртіндеп есептеу, оқу, жазу, ақпаратты саралау және қарапайым қарым-қатынас дағдыларынан айырылып барады.
Мұндай контенттің зиянды әсерімен күресудің тиімді жолы – медиасауаттылықты арттыру. Ноам Хомскийдің теориясы бойынша, адамдардың сыни ойлау қабілетін дамыту арқылы шок-контенттің кері әсерін азайтуға болады. «Адамдар шындықты түсінбесе, олар өз мүддесіне қарсы әрекет етеді», – дейді ол. Ғалымның бұл сөзі ақпаратты тек тұтынбай, оның астарын ұғуға шақырады. Яғни, әрбір азамат медианы бақылап қана қоймай, оны сүзгіден өткізе алуы керек.
Демек, мәселені тек тыйым салумен түйіндеу жеткіліксіз. Бұл түбегейлі шешім емес, тек мәселені уақытша шегеру сияқты. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі цифрлық қоғамның белсенді мүшесі. Егер оған ақпаратты ажыратып, саралап, дұрыс қабылдауды үйретпесек, кейін ол ақпарат тасқынына дайындықсыз кіріп кетеді.
Отандық ғалымдардың пікірі де Хомский теориясының төңірегіне ойысады. Мысалы, Гүлмира Әшірбекова санасыз тобыр қалыптаспасын десек, қоғамның медиасауаттылығын арттыру бірінші талап екенін айтып отыр.
«Медиасауат дегеніміз – ақпараттың шынайылығын тексеру және өзіңізге қажет ақпаратты ғана тұтыну. Қазір жасанды интеллектіні кез келген салада қолданудың салдары жалған ақпараттың таралуына әкеп соғуда. Қарапайым түсінікке саяр болсақ, ақпараттың шынайылығын тексерудің жолдары немесе әдістерін меңгеруді білдіреді», – дей келе ғалым, медиасауатты арттыру үшін мектептен бастап, барлық білім беру орнында пәнді оқыту маңызды екенін айтты.
Демек, тобырлық сана қаупіне қарсы дағдыларды баланың бойына сіңірмесек, заңдық шектеулердің әсері уақытша болуы ықтимал.
Гүлнаурыз СОЯН,
Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың
4-курс студенті