Жүктелген міндеттің жайы қаралды

Премьер-министр Олжас Бек­те­нов «Де­рек­терді өңдеу ор­та­лықтары ал­қа­бы» жоба­сы­на байланысты Ұлттық құ­рыл­­тайдың V отырысында Пре­­зи­дент қойған міндеттердің жү­зеге асы­рылу барысы жөнінде жиын өт­кізді.

Онда Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин жобаның биылғы қаңтар айында Павлодар облысы Екібастұз қаласында іске қосыл­ғаннан бергі атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

Орталық Азиядағы энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін ең ірі кампусты құру жөніндегі «ДӨО алқабы» жобасы бүгінде қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Үкімет тиісті инфрақұрылымдық және құ­қықтық жағдайларды жасауда. Атап айтқанда, жалпы ауданы 1,4 мың гектар жер телімі бөлінді. Ау­қымды жобаны жүзеге асыру үшін қосалқы станса са­тып алу, сондай-ақ инвесторлар мен жобаға қаты­сушыларды мемлекеттік қолдаудың қосымша тетіктерін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Құрылатын инфрақұрылымның маңызды элементі ха­лықаралық серіктестерді тартуға арналған Greenfield аймағы болмақ. Сондай-ақ одан әрі кеңейте түсу мүм­кін­дігі бар 100 МВт-ға дейінгі қуаттар дайындалды. Инфрақұрылым энергия тиімділігі коэффициенті PUE 1.25 болатын Tier III халықаралық стандартына сәйкес келмек. 

Телекоммуникациялық инфрақұрылым саласындағы ең ірі hyperscale және BigTech компанияларының талаптарын қанағаттан­дыру үшін желілік кідіріс 80-нен 57 милли­секундқа дейін төмендетіледі, бұл – негізгі еуропалық трафик алмасу орталықтарымен тең деңгей.

Бұдан әрі есептеу инфрақұрылымын кезең-кезеңмен ұлғайту, әрқайсысы 50 МВт-тан ЖИ-ДӨО-ның төрт кезеңін салу көзделген.

Тұтастай алғанда, «ДӨО алқабын» іске қосу Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым мен есептеу қуаттылығының өңірлік орта­лығын қалыптастыруға, $30 млрд-қа дейін инвестиция тартуға және 500-ден астам жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов салалық ми­нистрліктер мен жауапты ұйымдарға жұмыс­тың барлық кезеңін уақытылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді және қажетті нормативтік шешімдерді қабылдауды жеделдетуді тапсырды.

М.ТӨЛЕУ