Бәрі қарапайым кикілжіңнен басталғанымен, соңы аянышты аяқталып отыр. Сонда тәртіп сақшысының жаралануы мен жазықсыз жанның зорлық көруіне кім кінәлі? Ұсталған күдікті ме? Әлде осы қылмысқа итермеледі делінген бұрынғы полицей ме?
Оқиға желісін басынан бастасақ, бұрын бірнеше рет сотты болған Шу ауданының тұрғыны Замир Ахмедов кейінгі жазасын өтеп шыққаннан кейін бұрынғы полиция қызметкерінен кек алмаққа келеді. Оның ойынша, тәртіп сақшысының кесірінен өмірі тас-талқан болған екен. Алайда күдікті полицейдің үйіне келгенде оны таба алмайды. Бірақ есіктен шыққан әйелді байқап қалады. Содан Ахмедов көлігі бұзылып қалғанын айтып, әлгі әйелге жеткізіп тастауды сұрайды. Бұл әйел күдікті іздеп келген тәртіп сақшысының қарындасы еді. Оның сеніміне кірген Ахмедов «қоңырау шалып алайын» деп оның телефонын да алып қояды. Кейіннен, жәбірленушінің басына травматикалық тапанша тақап, қаланың оқшалау шеткі аймағына баруға күштейді. Осы жерде жәбірленушіге ағасына қоңырау шалып, шақыруды тапсырады. Қорыққан әйел күдіктінің айтқанын бұлжытпай орындап, ағасын «көлік апатына ұшырадым» деп алдап шақырғанымен, ол басқа қалада екенін айтып келе алмайды. Алайда Шу қаласында үш-төрт сағаттан кейін болатынын, оған дейін орнына тағы бір бауыры баратынын жеткізеді. Осы екі аралықта Ахмедов ашуға булығып, жәбірленушіні күштеп жыныстық қатынасқа жығады. Кезенген тапаншадан әбден үрейленген әйел күдіктінің барлық айтқанын істеуге мәжбүр болады.
Осы мезетте «жол апатына түстім» деген жерге жәбірленушінің екінші бауыры да жетеді. Алайда ол қарындасын таба алмай, біраз уақыт іздейді. Содан жәбірленушінің көлігін бұзылған нысанның қасынан байқаған куәгер қорқынышты көріністің үстінен түседі. Бауырының ауыр хәлін көрген ағасы тапанша ұстаған күдіктіге өзін кепілге алып, қарындасын босатуды сұрайды. Әйелге ойына келгенін істеп болған Ахмедов ағасының айтқанына келісіп, соның көлігіне ауысады. Оны да тапаншамен қорқытып, Шу қаласының орталығына жетіп алып, ізін суытады.
Бұл кезде жәбірленушінің ағасы, бұрынғы полицейге оқиғаның толық нұсқасы жетпеген еді. Алайда қарындасына жасалған қастандықты естіген бауыры полиция бөліміне арыз түсіріп, толық құрам аяғына тік тұрады. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті қала ішіндегі ойын автоматтарының маңынан анықталады. Осы жерде ұстау операциясы жүргізілгенімен, күдікті қарсылық танытып, тәртіп сақшыларына қарсы оқ атады. Атыс кезінде тіпті бір полиция қызметкері жараланады. Десе де, күдікті дер кезінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынады.
Тергеу барысында Ахмедов травматикалық қару қолданғанын мойындағанымен, әйелге ешқандай зорлық көрсетпегенін алға тартыпты. Бірақ куәгерлердің сөздері толықтай тыңдалып, барлық айғақ заттар зерттелуде. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оған 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін.
Байқасаңыздар, жаға ұстатарлық жағдай. Күдікті мен полицейдің арасындағы кикілжіңнің кесірінен, жазықсыз адам жапа шегіп отыр. Адамды күштеп кепілде ұстау, зорлық пен суық қару қолдану, атыс пен жаралану, бәрі-бәрі шетелдік кинолардан көретін дүние еді. Енді міне, осындай жағдай алақандай моноқалада болуда.
Негізі, бұл Шу ауданында болған бірінші жағдай емес. Алдыңғы жылы бір топ бұзақы полиция қызметкерін сабап, көлігін айдап кеткен болатын. Кешкі сап түзеуден қайтып келе жатқан тәртіп сақшысын жол жиегінде бір топ азамат тоқтатып, соққының астына алған. Артынша, полицейдің қызметтік көлігін айдап кетіп, талға соғып тастаған еді. Кейіннен, белгілі болғаны, полиция қызметкері мен күдіктілердің арасында өзіндік есеп болыпты.
Тағы бірде шулық тұрғындар тәртіп сақшылары есірткіні көліктеріне әдейі тастап, қылмыстық із қозғайды деп шулаған болатын. Жиналғандар жапа шектірген полицейлердің есімдері мен шендерін де атап көрсетіп, жанайқайларын ашына жеткізген. Артынша, ауқымды тексеріс жүргізіліп, оқиға әйтеуір басылған.
Бұл аз десеңіз, Шу ауданында полицейлер мен арнайы жасақ қызметкерлері атысқан. «Есірткі тасымалдап жүр» деген күдікке ілінген полицейлерді арнайы жасақ мамандары ұстамақ болған. Алайда күдіктілер өздерін тоқтатпақ болғандарды көлікпен қағып, одан кейін қарудан бір-біріне оқ атады. Нәтижесінде, екі адам жарақаттанып, бір полицей оқиға орнында көз жұмады.
Байқап тұрсаңыздар, Шу ауданында полицейлерге қатысты шу көп. Және оқиғалардың дені есірткі шөбімен байланысты. Осы жағдай сананы сан-саққа жүгіртеді. Жоғарыда аталған күдікті Ахмедов бұрынғы тәртіп сақшысынан қандай кек алмақ болғаны әзірге белгісіз. Мұны енді тергеу амалдары анықтай жатар. Алайда тұрғындардың қауіпсіздігіне жауапты деген полицейлердің өздері осындай шулы оқиғаларға ұшырап жатса, бұның арты жақсылыққа апармайтыны анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы