Апатты үйлер азаяр емес

Елімізде құрылыс қарқыны «рекордты» көлемде жүріп жатыр. Салаға қатысты бұл сөз Қарағанды облысында да көп айтылады. Дегенмен тұрғын үйге қатысты шешімін таппа­­­­ған түйткілдер әлі де жетерлік.

Осыдан 4 жылдан астам уақыт бұрын Қарағанды өңірі де құрылыс қарқыны жөнінен алда келе жатқанын, тарихи максимумға жеткенін бүкіл елге жария еткен еді. 2021 жылы облыста 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетіні айтылды. Осылайша, 2600-ден астам отбасы мемлекеттік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй алатыны, оның ішінде 621 көпбалалы отбасы бары мәлім болған. Мұнымен тоқтамай, алдағы жылдары да құрылыс қарқыны, салынатын тұрғын үйлер ауданы тоқтаусыз арта беретіні сөз болды.

Осы аралықта не өзгерді? Шаһарда тұрғын үйлер салынғанымен, апатты жағдайдағы үйлер саны азаяр емес. Былтыр ғана Қарағанды облысының Саран қаласында жиырма шақты отбасы апатты деп танылған үйлерінен шығуға қарсылық көрсетті. Айтуларынша, әкімдік бұрыннан құлайын деп тұрған ғимаратқа еш шара қолданбаған. Ал тұрғындар мектеп пен жатақханаға орналасуға қарсы. 

«Дағдарыс орталығының не екенін түсінесіз бе? Мысалы, интернат-мектеп. Өзім сонда көп жыл жұмыс істедім. Қазір ол жерде балалар тұрады. Интернат то­­­лық. Қалай тамақ пісіреміз, қалай жуына­мыз?» – деп өз уәжін айтқан болатын Саран қаласының тұрғыны Кристина Смагина.

Бұл үйде тұрғындар 20 жылдан бері тұрып келеді. Қазір үйде төрт кіреберіс қана пай­даланылады. Пешпен жылынады, тұрғындар көмірді жоғары қабаттарға өздері тасиды. Бір кіреберістің бірнеше жыл бұрын жабыны құлап, тұрғындарды көшіру керек болған. Қалғандарына үйді қалпына келтіреміз деп уәде берген.

«Бізді тыныш қалдырып, үй дайын болғанша ешкім мазаламауын талап етеміз. Бізге пәтер беретінін айтқан. «Үй құлап кетпей ме деп қорықпайсыз ба?»  дейді. «Құласа, құлай берсін!» – деген апатты жағдайдағы үйдің тұрғыны Галина Фадеева ашынып.

Бұл жерде тұрғындар сумен жабдықтауды, кәрізді, жарықты өз күштерімен қалпына келтірген. Олардың айтуынша, мәселе 5 жылдан бері шешілмей келеді. Тіпті жертөле суға толып тұрғанда да ешкім назар аудармаған. Ал тұрғындар жылу тартқалы жатқанда, әкімдік сараптама жасап, үй апатты жағдайда екенін анықтапты.

Ал қала әкімдігі үйде тірек конструк­циялары бұзылғанын, кез келген сәтте құлап кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Тұрғындарға алдымен үйдің апатты екенін растайтын қаулы алып, тұрғын үй кезегіне тұру керегі де жеткізілген.

«Барлық тұрғын үшін баспана қарас­тырылған. Тек процедурадан өту керек. Біз кезекте тұрған басқа азаматтардың құқығын бұзып, бірден пәтер бере алмаймыз. Кім тезірек келіп құжаттарын тапсырса, бәрі заң шеңберінде 2 ай ішінде шешіледі», – деді Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайыр.

Егер тұрғындар көшуге көнбесе, сот арқылы шығарылады. Сондықтан құжаттарды рәсімдеу тұрғындардың өз мүддесіне сай. Жаңа баспана барлық пәтер иелеріне емес, тұрақты тұрып келген және бұл жалғыз баспанасы болған адамдарға ғана беріледі.

Қызықты қараңыз, бұл Сарандағы жағдай былтырғы жылдың қыркүйек айында болған еді, ал биылғы жылдың ақпанында тағы да осыған ұқсас оқиға қайталанды. Осы жолы апатты деп танылған үйдің бір бұрышы опырылып құлап түсті.

Яғни, 19 ақпанда шамамен таңғы сағат 8:00-де Балқаш қаласындағы Қараменде би көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бір бөлігі «жалп» етті. 

Қазір құрылыс және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, 5-кіреберісті демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Демонтаж жұмыстары аяқтал­ғаннан кейін қалған 4 кіреберісте қосымша техникалық тексеру және құрылыс сарап­тамасы жүргізіледі. Алдағы уақытта қалған кіреберістер конструкцияларын күшейту бойынша жұмыстарды жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама белгіленген тәртіппен әзірленеді.

Әкімдік мәліметінше, бұл кіреберіс бұрын апатты жағдайда деп танылып, бұзу туралы шешім қабылданған. Сондықтан мұнда ешкім тұрмаған, зардап шеккендер жоқ. Қазір ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылған, электр, жылу, су жүйелері ажыратылған.

«2025 жылы кіреберіс техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде, апатты жағдайда болған. 5-кіре­берістің тұрғындары алдын ала қоныс аударып, пәтерлері тұруға жарамсыз деп танылған­дықтан, заңда белгіленген тәртіп­пен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар ретінде есепке қо­йылғанын хабарлаймыз. Құлау сәтінде қаза болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ», – делінген әкімдік хабар­ламасында.

Иә, құрылыста «рекорд» жасаудамыз деген шенділер құрғақ есепке мәз. Ал апатты жағдайдағы үйлер саны артпаса, азаяр емес. Тағы бір қызығы, бұзылуға не құлауға шақ тұрған үйде жылдар бойы тұрып жатқан адамдар көшірілген уақыттың өзінде кезекте тұруы керек. Ал ол кезек қашан келері белгісіз.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы