Михаил Шайдоров костюмін Олимпиада мұражайына тапсырды

Салтанатты рәсім Италияның Милан қаласындағы Конькимен жүгіру спорты үйінде өтті.

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиада ойындарында еркін бағдарламада киген костюмін Олимпиада мұражайына табыстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Салтанатты рәсім Италияның Милан қаласындағы Конькимен жүгіру спорты үйінде өтті.

ҚР ҰОК мәліметінше, іс-шараға Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының президенті Ким Чжэ Ёль, Олимпиада мұражайы директорының орынбасары Ясмин Майхтри, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.

ҚР ҰОК басшысы Шайдоровтың жеңісі Қазақстан мәнерлеп сырғанауының тарихындағы алғашқы олимпиадалық алтын медаль екенін атап өтті.

"Бұл жай ғана жеңіс емес - бұл тарих. Бүгін сол тарихтың бір бөлігі мәңгі осында қалады. Костюмнің Олимпиада мұражайына тапсырылуы миллиондаған адамға чемпионымыздың мұрасын көруге мүмкіндік береді. Бұл костюм жас спортшылардың арманға ұмтылып, өзіне сенуіне ықпал етіп, жігерлендіреді. Михаил, осы сыйлығың үшін рақмет. Біз сені мақтан тұтамыз”, – деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров бұл костюммен Олимпиадаға дейін Гран-при финалында да өнер көрсеткен. Алайда төртжылдықтың басты додасына дейін киім қайта толықтырылып, жетілдірілді. Қазақстандық дизайнерлермен бірге спортшы ғарыш кеңістігін бейнелейтін қанық көк түсті таңдаған. Бұл түс «Бесінші элемент» фильмінің тұтас атмосферасын айқын көрсетеді. Дизайны жұлдыздарды еске түсіретін шыны әшекейлер және тастармен толықтырылған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.