Оразаны қандай амалдар бұзатыны белгілі болды

Оразаны қалай дұрыс ұстау керектігі жиі айтылғанымен, алғаш рет ауыз бекіткендер үшін сұрақ көп.

Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 22 наурызда аяқталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оразаны қалай дұрыс ұстау керектігі жиі айтылғанымен, алғаш рет ауыз бекіткендер үшін сұрақ көп. Назарларыңызға оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайларды ұсынамыз.

Оразаны не бұзады?

– Әдейі ішіп-жеу;
– Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында қоректік заты бар екпе қабылдау;
– Ауызға кірген жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. Бұл туралы хадисте: «Ораза кірген нәрседен бұзылады, шыққаннан емес» делінген;
– Таң намазынан ақшам намазына дейін ерлі-зайыптылардың жақындасуы;
– Қорек немесе қоректік қасиеті бар заттарды біле тұра, себепсіз әдейі қолдану.

Мұндай жағдайда каффарат оразасы өтеледі. Каффарат – Рамазан оразасын әдейі бұзған адам екі ай қатарынан ораза ұстауы тиіс, оған шамасы жетпесе, алпыс мұқтаж жанды тамақтандыруы қажет.

Оразаны не бұзбайды?

– Ұмытып ішіп-жеу (еске түскен сәтте дереу тоқтату керек);
– Ұйқыдан жүніп болып ояну;
– Жұбайын сүю немесе денесіне қол тигізу (мәни шықпаса);
– Жұбайына қараудан немесе ойдан шәһуәт туып, мәни шығуы;
– Түнде жүніп болып, ғұсылды сәресіден кейінге қалдыру;
– Ауызға келген қақырықты жұту;
– Түкірік немесе мұрын арқылы ішке кеткен заттар;
– Құлаққа су кіру;
– Темекі түтіні, шаң-тозаң, ұнның тозаңы, жауын тамшыларының еріксіз тамаққа кіруі;
– Тістер арасындағы ноқаттан кішкене тамақ қалдығын жұту;
– Еріксіз құсу немесе оның ішке қайта кетуі;
– Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
– Көзге, құлаққа дәрі тамызу;
– Мисуак немесе тіс пастасын қолдану (паста ішке кетпеуі тиіс);
– Тіс жұлдыру (қанды немесе дәріні жұтпау шарт);
– Ауыз бен мұрынды шайқау (судың тамаққа кетпеуін қадағалау қажет);
– Душ қабылдау, теңізге не көлге түсу (су жұтып қоймауға назар аудару керек).