CNBC хабарламасына сүйенген Aikyn.kz қытайлық роботтардың мүмкіндіктері неліктен сарапшылардың алаңдаушылығын туғызғанын түсіндіреді.
Гала-концертте кунг-фу қимылдарын, хореографиялық би мен күрделі гимнастикалық трюктерді көрсеткен роботтардың вирустық видеосы барлық әлеуметтік желілерге таралды. Бұл видеолар роботтарға деген қоғамның көзқарасын да өзгертіп жіберді.
Былтырғы 2025 жылғы гала-концертте орамал ұстап, икемсіз қимылдармен халық биін көрсеткен нұсқалармен салыстырғанда, биылғы көрсетілім робототехниканың «үлкен секіріс жасағанын» аңғартты.
Өткен жылы күмән көп болған еді. Роботтар сүрініп, соқтығысып, істен шығып қалған болатын. Алайда қысқа уақыт ішінде технология танымастай өзгереді. Көрермендердің бір бөлігі бұл жетістікті сүйсіне қабылдаса, енді бірі роботтардың еңбек нарығына ықпалына және АҚШ-Қытай технологиялық бәсекесіне қатысты алаңдаушылық білдірді. SemiAnalysis талдаушысы Рейк Кнухтсен роботтарды «байыппен қабылдау керек» дейді. Оның сөзінше, Қытайдағы көктемгі демонстрациядан кейін олар «әлдеқайда ықшам, икемді әрі функционалды» көрінді.
«Олардың адамның физикалық шегін кеңейтіп жатқаны көрінді. Адаммен тең, тіпті келешекте адамнан да жоғары деңгейдегі әрекеттерге қабілетті екені айқын байқалды», – дейді ол.
Баға бәсекесінде де айырма бар. Unitree компаниясы G1 роботына 13 500 доллар бастапқы баға ұсынады. Ал АҚШ-тағы негізгі үміткерлердің бірі саналатын Tesla Optimus-тың бағасы одан да жоғары болуы мүмкін. Илон Маск өндіріс көлемі жылына 1 млн данаға жетсе, өзіндік құн 20 мың доллардан төмендеуі ықтимал екенін айтқан.
Дегенмен сарапшылар «жарнамалық трюктер» бәрін шешпейтінін ескертеді. Omdia-ның бас талдаушысы Лянь Цзе Судың айтуынша, әуеде сальто жасау немесе «қарумен жұмыс» сияқты қимылдар экономикалық әлеует барын аңғартуы мүмкін. Бірақ адамға бағытталған роботтар ретсіз ортада (медицина, үй шаруасы) сенімді жұмыс істей алатынын дәлелдеуі қажет. Кнухтсен де соңғы нәтижені «негізгі ЖИ модельдерінің сапасы» айқындайтынын атап өтті. Биыл маңыздысы – ой қорыту, тапсырманы ұзақ орындау және бірнеше істі бір жүйеге біріктіріп атқара алу.
«Үлкен экономикалық құн дәл осыларда, әрі ол біртіндеп өсіп келеді», – дейді сарапшы.