Сарбаз Есбол Қапардың жарақат алуына байланысты әскери бөлімде қатаң тәртіптік шаралар қолданылды

Бірақ оқиғаның нақты себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ.

Жамбыл облысының Қордай ауданы аумағындағы Гвардейский гарнизонындағы әскери бөлімде сарбаздың дене жарақатын алған фактісі бойынша Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әлеуметтік желілерде бұрын Отардағы әскери бөлімде қызмет атқарып жүрген сарбаз Есбол Қапардың жақ сүйегі сынып, бірнеше апта жекеменшік пәтерде жатқаны туралы ақпарат тараған. Бірақ оқиғаның нақты себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ.

Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева хабарлағандай, оқиғаға байланысты сарбаз қызмет атқаратын әскери бөлімде кадрлық өзгерістер енгізілді.

«Нақты айтқанда, басшылық құрамындағы төрт лауазымды тұлға – әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметінен босатылды. Әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасары және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтік әрекетке сәйкес емес деп ескерту алды. Сонымен қатар бірқатар офицерлер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жазалар қолданылды», – деді Әйгерім Ағылтаева.